Мақта теріп, қой алған: Threads-те танымал болған оқушы кәсібін қалай бастады
Threads желісінде бала кезінен еңбек етіп, өз қажетіне ақша тауып жүрген жетісайлық Бекарыс Аюпханұлы туралы жазба көпшіліктің назарын аударды. Тілшіміз 17 жастағы түлекпен сөйлесіп, оның алғашқы табысы, екі қойдан бастаған шағын шаруашылығы және алдағы жоспары туралы сұрап білді.
Астана, NEGE. Бекарыс туралы Threads желісінде жездесі жазба жариялаған болатын. Онда оның 11 жасынан бастап жазғы демалыста мақта алқабында жұмыс істеп, өз киімі мен мектепке қажетті заттарын сатып алуға ақша табатыны айтылған.
Бекарыс Түркістан облысы Жетісай ауданы Қарақай ауылында тұрады. Отбасында бес бала, өзі – кенжесі. Анасы мектепте аспаз, әкесі тарих пәнінің мұғалімі. Мұғалімдіктен бөлек, әкесі мал өсіріп, ет сатады.
«Бала кезімнен әкеме көмектесетінмін. Жазда мақта алқабына жұмысқа шығып, тапқан ақшама мектепке киім, кітап, қалам алатын едім. Әкем жастайынан мал баққан. Соған қарап, менде де қой алып, көбейтсем деген ой болды. Әкем де қолдап, “өсір” деді», – дейді Бекарыс.
Алғашқы қойын ол 11 жасында 10 мың теңгеге сатып алған. Кейін тағы бір қой алып, төлін қалдырып, мал басын біртіндеп онға жеткізген. Бүгінде, Бекарыстың айтуынша, бір қойдың базардағы орташа бағасы 80–90 мың теңге шамасында. Жақында бір қойын 110 мың теңгеге сатқан.
«Екі қой алып, төлін көбейтіп отырдым. Он қойға дейін жеткіздім. Қазір соның бесеуін саттым. Бір қойды 110 мың теңгеге өткіздім. Мал соя аламын. Адал еңбекпен мал тапқаннан ұялмаймын», – дейді ол.
Бекарыс биыл 11-сыныпты аяқтаған. Грантқа түсе алмаған соң, келесі жылы оқуға қайта тапсыруды жоспарлап отыр. Ал оған дейін жұмыс істеп, тәжірибе жинамақ. Әкесі де негізгі жұмысынан бөлек мал ұстап, ет сатумен айналысады. Бекарыстың өзі де мал бағуды және союды бала кезінен үйренген. Болашақта ол осы тәжірибесін жеке кәсіпке айналдырғысы келеді.
«Болашақта ауыл шаруашылығын дамытатын кәсіпкер болғым келеді. Өз кәсібімді дөңгелетіп, табыс тауып, ата-анамның үмітін ақтағым келеді», – дейді Бекарыс.
Бос уақытында футбол ойнап, көкпар шабады. Ал ауылдан біржола кету жоспарында жоқ.
«Ауыл рахат. Адамдары емен-жарқын, бір-бірімен тату. Қолдау көп. Өзіңді жалғыз сезінбейсің. Таза ауа, табиғат бар», – дейді ол.
11 жасында мақта алқабында еңбек етіп, алғашқы малын алған Бекарыс алты жылда қойын он басқа жеткізді. Қазір оның келесі қадамы – Астанада ет өнімдері саласында тәжірибе жинау. Ал келесі жылы жоғары оқу орнына қайта құжат тапсырмақ.