Майкл Блумберг: «Менен басқа ешкім жоқ»
Миллиардер және Нью-Йорктің бұрынғы мэрі Майкл Блумберг президент лауазымына үміткер екенін ресми түрде жариялады. Оның пікірінше, өзге кандидаттардың ешқайсысы Дональд Трампты 2020 жылғы сайлауда жеңе алмайды екен.
Алматы, NEGE. Майкл Блумбергтің жасы 77-де. Ол Демократиялық партияның атынан құжаттарын тіркеуге өткізген. Бұған дейін оның сайлауға түсетіні-түспейтіні беймәлім еді.
Оның сайлауалды бейнеролигінде бизнес-империясын қалай құрғаны, Нью-Йоркті қалай түлеткені айтылады.
Сондай-ақ Блумберг сайлаушыларға тегін медициналық сақтандыруды уәде етіп отыр.
Көтерген ұраны – «Трампты жеңіп, Американы қайта қалпына келтіремін». Қазіргі АҚШ президентін ол «елге төнген қатер» деп атап отыр.