Махачев Мәмбетовті не үшін мақтады?
Алматыда UFC саңлақтары Ислам Махачев, Зубайра Тухугов жеткіншектерге шеберлік сағатын өткізді. «
Алматы Арена» кешенінің күрес залында даңқты спортшылар күрестің әдіс-тәсілдерін көрсетіп, алматылық балғын балуандардың да қарымын сынап көрді.
Алматы, NEGE. «Біз күрес үйірмесіне жазылғанымызда мынандай ат шаптырым залдың жартысындай жер де болған жоқ. Сендер –бақытты ұрпақсыңдар. Олимпиада ойындарының жүлдегері Әсет Мәмбетов бастаған білікті бапкерлерден тәлім аласыңдар. Мемлекет осындай орасан жағдай жасап берді, ендеше араларыңнан әлем, Олимпиада чемпиондары шығуы тиіс» деді Ислам Махачев.
Ертең «Алматы Арена» кешенінде GFC 23 халықаралық турнирі өтеді. Қырғызстан, Ресей, Бразилия, Украина, Тәжікстан, Өзбекстан және Қазақстанның спортшылары октагонға шығады. Турнирдің басты жекпе-жегінде еліміздің намысын Дәурен Ермеков қорғап, ресейлік Артур Гусейновке қарсы айқасады. Жеңіске жеткен спортшы GFC белбеуінің уақытша чемпионы атанады.