Магеррам Маггеррамов: Салық реформасы бюджет тапшылығын жаба алмады

Бұрынғы Мәжіліс депутаты, саясаткер Магеррам Маггеррамов салық реформасы енгізілгеніне қарамастан, бюджет тапшылығы мәселесі шешілмегенін айтты. 

freepik.com

Астана, NEGE. Decaf. подкастына берген сұхбатында саясаткер Қазақстан халық партиясы атынан Мәжіліс депутаты болған кезде ҚҚС мөлшерлемесін 20 пайызға дейін көтеруді қолдамағанын мәлімдеді. Кейін тараптар 16 пайыздық мөлшерлемеге тоқтаған. 

Маггеррамовтың пікірінше, мемлекеттік органдар ұсынған реформаны іске асыруға мүмкіндік беру қажет, өйткені оның нәтижесі үшін жауапкершілікті Үкімет өз мойнына алған. 

«Бұл дүкен немесе қандай да бір коммерциялық ұйым емес, бұл – мемлекет. Үкімет мүшелері елдің дамуын осылай көретінін айтып, белгілі бір нәтижеге жеткізетініне кепілдік беріп, жауапкершілікті өз мойнына алып отырса, оларға мүмкіндік бермеу – Парламент атқарушы билікті сеніп тапсырған адамдарға сенбеу деген сөз», – деді ол.

Саясаткер бюджет тапшылығының сақталуына да назар аударды. Оның айтуынша, салық реформасын енгізу арқылы бюджеттегі тапшылықты азайту көзделгенімен, әзірге бұл мақсат толық орындалмады.

«Экономикада өсім бар сияқты, бірақ сонымен қатар бюджет тапшылығы да сақталып отыр. Алдыңғы аптада жариялаған жазбамда тәртіп тек салық төлеушілерге ғана емес, мемлекетке де қатысты болуы керек деп жаздым. Мемлекет өз шығыстарын өте мұқият қайта қарауы қажет», – деді Магеррам Маггерамов.

Экс-депутаттың айтуынша, Үкімет экономикадағы өзгерістер жағдайында батылырақ шешімдер қабылдауы тиіс.

Сонымен қатар ол бұған дейін де салықтық жүктемені азайту мәселесін көтергенін жеткізді. Оның пікірінше, экономикалық тұрақсыздық кезеңінде бизнеске түсетін салықтық ауыртпалықты уақытша төмендету кәсіпкерлердің өз бизнесін сақтап қалуына және жалпы экономикаға қолдау көрсетуіне мүмкіндік беруі мүмкін.

Айта кетейік, 2026 жылдың бірінші жарты жылдығында республикалық бюджет тапшылығы 1,7 трлн теңгеге жетті.

Ал жуырда Құрылтай отырысында 2027–2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы мен республикалық бюджет параметрлері таныстырылды. 2027 жылғы бюджет тапшылығы 4,6 трлн теңге немесе ЖІӨ-нің 2,3%-ы деңгейінде жоспарланған. Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары Азамат Әмриннің айтуынша, қолайсыз экономикалық сценарий жағдайында бұл көрсеткіш 5,6–6,5 трлн теңгеге дейін өсуі мүмкін.