ІІМ тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын қорғайтын жаңа жүйені сынап жатыр
ІІМ жәбірленушіге зорлық көрсетуі мүмкін адамның жақындағанын полицияға хабарлайтын электронды құрылғыны сынап жатыр. Жоба алты өңірде іске қосылады.
Астана, NEGE. «Әділет» партиясы фракциясының депутаттары ұсынған «Электрондық қорғану аймағы» жүйесі жәбірленуші мен оған қауіп төндіретін адамның орналасқан жерін анықтауға мүмкіндік береді. Егер қауіпті адам жәбірленушіге 20 метрге дейін жақындап кетсе, жүйе полицияның жедел басқару орталығына автоматты түрде дабыл жібереді.
Дегенмен Құрылтай депутаты Айжан Аймағанова жай дабылдың өзі қауіптің алдын алмайтынын жеткізді.
«Электронды дабылдың өзі адамды қорғай алмайды. Сондықтан пилоттық жобамен қатар қауіпті жақындау туралы хабарлама түскен кезде ішкі істер органдарының қалай әрекет ететінін нақты айқындайтын алгоритм әзірлеу қажет», – деді депутат Айжан Аймағанова.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің сөзінше, қазір құрылғы әзірлеушілермен бірлесіп техникалық сынақтан өткізіліп жатыр. Сондай-ақ, полицияның әрекет ету амалдары да ойластырылады.
«Пилоттық жоба аясында қауіпті жақындау туралы дабыл түскен кезде полицияның әрекет ету тәртібін біріздендіру көзделіп отыр», – деді Сәденов.
Пилоттық жобаны Шымкент қаласында, Ақмола, Алматы, Маңғыстау, Түркістан және Жетісу облыстарында іске қосу жоспарланған.
Жоба аясында жәбірленушілердің ұялы телефондарына арнайы мобильді қосымша орнату мәселесі де қарастырылған. Бұл ретте олардың келісімі алынып, дербес және геолокациялық деректерінің қорғалуы қамтамасыз етілмек.
ІІМ мәліметінше, қазір Қазақстанда GPS және GSM модульдерімен жабдықталған 2 851 электронды білезік қолданылып жүр. Олар профилактикалық есепте тұрған адамдарды бақылайды. Мониторинг платформасында адамның орналасқан жері туралы ақпарат әр екі минут сайын жаңарады. Жүйе білезікті шешіп алу, бүлдіру немесе рұқсат етілген аумақтан шығу жағдайларын автоматты түрде тіркейді.
Пилоттық жобаның нәтижесі полицияның әрекет ету уақыты, анықталған құқық бұзушылықтар саны және жәбірленушілерге қатысты қайталанған зорлық-зомбылық фактілері бойынша бағаланбақ.
Еске салайық, 21 қазанда «Әділет» партиясы фракциясының депутаттары тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін «Электрондық қорғану аймағын» енгізуді ұсынған болатын. Депутаттар Францияның тәжірибесін мысалға келтіріп, қауіпті жақындау туралы дабыл полицияға автоматты түрде түсуі керек екенін айтқан. Пилоттық жобаның іске асырылуы Құрылтай депутаттарының бақылауында.