ІІМ төрт адам қаза тапқан жол апатына бұрынғы полиция қызметкерінің қатысы бар деген ақпаратқа түсініктеме берді
Желіде Жамбыл облысында төрт адамның өмірін қиған жол-көлік оқиғасына спортшы, Қостанай облысы полиция департаментінің бұрынғы қызметкері Сая Әуелбекованың қатысы бары туралы ақпарат тарады.
Астана, NEGE. Қайғылы жағдай 20 қыркүйекте Жамбыл облысы Меркі ауданының Қостөбе ауылында болған. TANK 500 мен ВАЗ-2107 көлігі соқтығысып, екінші көліктің жүргізушісі мен жолталғамайтын көліктегі үш жолаушы қаза тапты.
Қаза тапқан жүргізушінің туыстары екінші көліктің тізгінінде спортшы, Қостанай облысы полиция департаментінің бұрынғы қызметкері Сая Әуелбекова отырғанын, ол бұрын полиция қызметкері болғандықтан, жазадан құтылып кетуі мүмкін деп алаңдайтынын жеткізді. Олар істің объективті әрі әділ тергелуін талап етті.
Әуелбекованың ағасы желіде қарындасының жол апатынан зардап шеккенін растады. Жамбыл облысының денсаулық сақтау басқармасы да спортшының ауруханаға ауыр жағдайда жеткізілгенін растады. Ведомствоның 24 қыркүйектегі мәліметінше, емнен кейін оның жағдайы орташа ауыр деп бағаланған.
Осы оқиғаға байланысты Ішкі істер министрлігі түсініктеме беріп, Сая Әуелбекованың полиция қатарынан қашан және қандай негізде кеткенін түсіндірді.
Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Әлешевтің айтуынша, Әуелбекова 2025 жылғы 22 тамызда ішкі істер органдарынан өз еркімен жұмыстан босатылған.
Министрлік, сондай-ақ, жол апатына қатысты Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Бұл бап жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану ережесін бұзып, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жағдайларға қатысты.
Алайда ІІМ қылмыстық іс бойынша спортшының процестік мәртебесін нақтылаған жоқ.