Лукашенко Еуразиялық экономикалық одақты «бос сөз» алаңына айналдырмауға үндеді
Беларусь Президенті Александр Лукашенко нақты істерге көшу арқылы Еуразиялық экономикалық одақтың тиімділігін арттыруға шақырды.
Астана, NEGE. Бұл жөнінде Беларусь Республикасы басшысы Астанада өтіп жатқан Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысында мәлімдеді.
«Адамдар біздің жұмысымызды келісімдер мен нормативтік актілердің саны бойынша емес, олардың нақты пайдасы бар-жоғына қарай бағалайды. Одақ азаматтар мен бизнестің үмітін ақтап отыр ма? Құрметті достар, бұл мәселені не біздің комиссия аясында, не оған тапсырма беру арқылы, не болмаса жоғары білікті мамандардан тұратын шағын қосымша орган құру арқылы шешу керек. Бізге жақын уақытта батыл қадам жасау қажет», – деді Александр Лукашенко.
Ол Еуразиялық экономикалық одақ аясында белгіленген негізгі идеяларды іске асыруда нақты қадамдар жасалмаса, «Одақтың тартымдылығы нөлге дейін төмендейтінін» айтып өтті. Бұл ретте Беларусь Президенті Одақ жұмысына кедергі келтіріп тұрған нәрселерден бас тартуға кеңес берді.
«Біз мынаны нақты түсінуіміз керек: әркім қандай да бір мүддеден бас тартуы тиіс. Басты басымдық – Еуразиялық экономикалық одақтың тиімділігі», – деді Лукашенко.
Беларусь басшысының пайымдауынша, Одаққа кіруге ниеттілер Одаққа мүше болғаннан нақты қандай пайда көретінін түсінуі керек.
Сондай-ақ ол нақты жұмыстар атқарылмаса, Одақ бос сөзге құрылған жиындарға айналып кетуі мүмкін екенін ескертті.
«Бұл бағытта әлі атқаратын шаруа көп. Егер істемесек, Маяковский айтқандай, "жиналысқұмарларға" айналып, тек бос сөзбен айналысып кетеміз», – деп түйіндеді сөзін Александр Лукашенко.
Айта кетейік, бүгін, 29 мамырда Астана қаласында Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің шағын және кеңейтілген құрамдағы отырыстары өтті.
Кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысына ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер басшыларымен қатар, Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев, Куба Республикасының Вице-президенті Сальвадор Вальдес Меса және Иран Ислам Республикасының Өнеркәсіп, кеніштер және сауда министрі Сейед Мохаммад Атабак қатысты.