LRT: Қазақстан кімге қанша қарыз?

Әуелде Астана тарихындағы ең серпінді жоба ретінде насихатталып, кейін жемқорлық символына айнала жаздаған LRT жобасы 10 жыл дегенде әупіріммен іске қосылды. Мемлекеттің бұл нысан үшін қанша уақыт жоғалтып, репутациялық зиян шеккені елдің көз алдында. Ал қаржылай ауыртпалығы қандай? Қазақстанның бұл жоба бойынша кімнің алдында қанша қарызы бар? Бүгінгі материалда осы сұрақтарға жауап іздейміз.

Ақорда

Астана, NEGE. Ел астанасында жеңіл рельсті көлік (LRT) жүргізуге кеткен шығын туралы сөз болғанда көбіне екі сан кезек айтылады: 1,6 млрд доллар және 1,8 млрд доллар. Біріншісі – Қытайдың Мемлекеттік даму банкі (China Development Bank, CDB) ашқан кредит желісінің көлемі, екіншісі – жобаның ресми жарияланған құны.

Біз 10 жылдағы қаржылық есептер мен облигация құжаттарын салыстыра отырып, әркелкі мәліметтердің түбіне үңілген едік.

2015 жыл LRT жобасына дайындықтың ақырғы кезеңі болды. 

Аудит есебіне сүйенсек, 2015 жылдың соңында компания City Bus бағдарламасы аясында лизингке алынған электробустардың қарызын төлеп жатқан. Оның ішінде германиялық Commerzbank AG алдындағы 30,9 млн теңге де бар. Сондай-ақ компания Еуропа қайта құру және даму банкінен қарыз тарту үшін 297,9 млн теңге комиссия төлеген болатын. Ал LRT жобасы бойынша қытайлық консорциуммен келіссөз қыза түскен.

2016 жыл: Ақша бар, жұмыс жоқ 

2017 жылы LRT жобасы бойынша жалпы лимиті 1,8 млрд доллар деп бекітілген EPC-келісімшарт күшіне енді. Ақша табылғанымен, құрылыс басталмай, көп бөгелді. Аудит есебінде «Астана LRT» компаниясы 2015 жылы қытайлық мердігер компанияға аванс төлегені көрсетілген. Алайда 2016 жылдың аяғында мардымды жұмыс болмағаны, төленген аванстың қайтарылмай қалу қаупі бар екені анықталды.

Дегенмен аудит материалдарында 2016 жылдың соңына дейін LRT құрылысын қаржыландыруға жұмсалатын негізгі қарыз әлі шотқа түспегені байқалады. 

2017 жыл LRT жобасы үшін шешуші кезеңдей көрінген... 

Қытайдың мемлекеттік даму банкінен (China Development Bank) тартылған кредитті игеру басталды. 2017 жылдың соңында CTS-тің жалпы қарызы 125,7 млрд теңгеге жетті. Оның ішінде LRT құрылысына тартылған China Development Bank несиесінің көлемі 82,2 млрд теңге еді. Бұл компанияның барлық қарызының шамамен үштен екі бөлігі болатын. Аудит деректеріне қарап, бұл 82,2 млрд теңге China Development Bank-тен тартылған 1,6 млрд долларлық борыштың алғашқы ағыны деуге болады.

NEGE

2018 жылы қарыз өсе түсті 

2018 жылдың соңына қарай «Астана LRT» компаниясының мойнындағы 199,8 млрд теңге қарыздың 79 пайызы (157,5 млрд теңге) China Development Bank Corporation-ке (CDB) тиесілі болып шықты. Ал LRT-ден тыс қарыздардың жиынтық көлемі шамамен 42 млрд теңге болды.

2018 жылы жоба құнының қалай өскенін мына деректен көруге болады. CDB несиесінің пайыздық өсімі ғана бір жылда 5,76 млрд теңгеге жеткен. Аудиторлар есепте бұл пайыздардың аяқталмаған құрылыс құнына қосылғанын көрсеткен.

Аудиторлық есепте компания басшылығы мен мемлекет жобаға қаржыландырудың жаңа көзін табу және CDB алдындағы міндеттемелерді қайта құрылымдау мәселесін қарастырып жатқаны атап өтілген. Яғни 2018 жылдың өзінде-ақ LRT жобасының бастапқы қаржыландыру моделі қиындыққа тіреле бастаған.

2019 жыл: Қытай банкінен Қазақстан банктеріне көшкен қарыз 

2019 жыл LRT жобасының қарыз құрылымы түбегейлі өзгерген кезең болды. Жыл басында CTS-тің жалпы қарызы 201,9 млрд теңге болды. Оның ішінде LRT құрылысына алынған China Development Bank несиесінің қалдығы 159,3 млрд теңге болатын.

Қаржылық есепте 2019 жылдың қыркүйегінде компания Astana International Exchange (AIX) алаңында жалпы көлемі 430 млн долларлық облигациялар шығарғаны көрсетілген. Бұл теңгеге шаққанда 163,9 млрд теңге еді. Қаржы министрлігінің кепілдігі берілген облигациялардың жылдық мөлшерлемесі 3,25 пайыз деп белгіленді. Есепте облигация арқылы тартылған қарыздың негізгі бөлігі China Development Bank алдындағы несиені мерзімінен бұрын өтеуге жұмсалғаны көрсетілген. Осылайша Қытай банкінің алдындағы несие түгел жабылды. Ендігі жерде CTS Қытай банкі алдындағы борыштан құтылып, облигацияны сатып алған Қазақстан банктеріне борышкер атанды.

2019 жылғы 31 желтоқсанда облигациялар бойынша берешек 165,4 млрд теңге еді. Оның ішінде:

  • Halyk Bank-тен 153,9 млрд теңге; 
  • Қазақстан даму банкінен 3,85 млрд теңге; 
  • Altyn Bank-тен 3,85 млрд теңге; 
  • KazakhExport-тан 3,85 млрд теңге тартылған. 

Сонымен бірге аяқталмаған құрылыс құрамындағы LRT объектісінің теңгерім құны 2019 жылдың соңында 106,2 млрд теңгеге жетті. Ал қытайлық мердігер China Railway Asia–Europe Construction Investment консорциумына 143,9 млрд теңге аванс төленді.

2019 жылы компания берешегінің пайыздық өсімі 2,46 млрд теңге болды. Яғни құрылыс тоқтап тұрғанына қарамастан, жоба қымбаттай түсті.

2020 жыл: құрылыс тоқтағанмен, пайыздар тоқтамайды 

2020 жылдың соңында CTS-тің жалпы қаржылық міндеттемелері 216 млрд теңгеге жетті. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 16,7 млрд теңгеге көп еді. Өсімнің негізгі себебі Еуропа қаржы ұйымдарынан электробус сатып алуға тартылған қарыз бен валюта бағамының өзгеруі еді.

2020 жылдың соңында CTS-тің LRT жобасы бойынша қарызы 169,8 млрд теңге болды. Бұл компанияның барлық қарызының шамамен 79 пайызы болатын.Осылайша LRT жобасының қарызы қарқынды өсіп жатты:

  • 2017 – 82,2 млрд теңге; 
  • 2018 – 159,3 млрд теңге; 
  • 2019 – 165,4 млрд теңге;
  • 2020 – 169,8 млрд теңге.

2021 жылы Halyk Bank алдындағы облигациялық міндеттеменің өзі ғана 174,2 млрд теңгеге жетті 

2021 жылдың соңында CTS-тің жалпы қарызы 217,4 млрд теңге болды.

2022 жылы Halyk Bank алдындағы қарыз 191,4 млрд теңге болды 

Ал жалпы қарыз 217,4 млрд теңгеден 225,7 млрд теңгеге дейін өскен (+8,3 млрд теңге). 2022 жылдың қаржылық есебінде 2021 жылғы 3 тамызда CTS AIX алаңында 10 млн доллар (4,295 млрд теңге) көлемінде қосымша облигация шығарғаны көрсетілген. Аудиторлық жазбада бұл қаражат «негізінен LRT құрылысына бағытталғаны» айтылған.

2019 жылғы облигациялар Қытай банкінен тартылған қарызды жабуға бағытталса, бұл жолы ақша LRT құрылысына жұмсалған.

2023 жылы алғаш рет жалпы берешек төмендеген 

2022 жылы 225,7 млрд теңге болса, 2023 жылы ол 216,2 млрд теңгені құрады (–9,48 млрд теңге).

Негізгі себептері:

  • төленген пайыздар – 8,76 млрд тг;
  • өтелген негізгі борыш – 5,74 млрд тг;
  • валюталық бағам айырмасы әсер еткен.

2024 жылы жаңа облигация шығарылды 

2024 жылы CTS мойнындағы борышты тағы бір мәрте қайта қаржыландырды. Нақты айтсақ, 433 млрд теңгенің борышын тарту арқылы бұрынғы 430,9 млрд теңге қарызды жапқан.

Бұл 433 млрд теңгенің 214 млрд теңгесі (440 млн доллар) AIX биржасына 3 жыл мерзіммен шығарылған облигация арқылы жылдық 6,25% мөлшерлемемен келді. Осының әсерінен 2024 жылы CTS-тің жалпы қарызы 216,2 млрд теңгеден 250,2 млрд теңгеге дейін өсті (+15,7%).

2025 жылы CTS-тің борыш жүктемесі алғаш рет елеулі мөлшерде азайды 

2024 жылы жалпы қарыз 250 млрд 195 млн 960 мың теңге болса, 2025 жылы 234 млрд 470 млн 711 мың теңгеге түсті. Айырмашылық – 15,7 млрд теңге немесе –6,3%. Бұл оң бетбұрысқа 15,08 млрд теңге пайыз төлемдерін, 6,6 млрд теңге негізгі қарыз бөлігін, 471 млн теңге пайыз өсімін қайта есептеу ықпал етті. Оның үстіне 2025 жылы CTS жаңадан қарыз алған жоқ. Компания облигациялар бойынша есептелген 14,3 млрд теңге пайыздық шығынды бірден шығынға жазбай, LRT жобасының құнына қосты. Бұл қадам компанияның қаржылық көрсеткішін қысқа мерзімде жақсартқанымен, жоба құнын ұлғайтты. Осылайша LRT-нің түпкілікті құнына құрылыс шығындарымен қатар қарызға қызмет көрсету шығындары да қосылып отыр.

Басқаша айтсақ, LRT қарызы 2025 жылы аздап қысқарғанымен, жоба құны өсуін жалғастырды. Өйткені облигация пайыздарының 14,3 млрд теңгесі актив құнына қосылды.

Қаржылық есепте CTS дәл осы жылы ЕҚДБ қарызын толық өтегені айтылған.

2025 жылдың соңында CTS қарызының (221 млрд теңге) құрылымы мынандай болды:

  • Халық банктегі облигациялар – 206,1 млрд теңге; 
  • ҚДБ-дағы облигациялар – 5,0 млрд теңге; 
  • Алтын банк – 5,0 млрд теңге; 
  • KazakhExport – 5,0 млрд теңге; 
  • Elorda Damu – 7,0 млрд теңге; 
  • Индустриялық даму қоры – 3,35 млрд теңге. 

Бұл компанияның жалпы қарызының 94%-ынан астам.

ТОО «City Transportation Systems

2026 жылы жоба іске қосылды 

16 мамырда құрылысының өзі 10 жылға созылған жеңіл рельсті көлік ресми түрде іске қосылды. «Нұрлы жол» вокзалы мен әуежайдың арасына тартылған 22,4 шақырымдық аспалы рельстің бойында күн сайын 15 құрам қатынайды (+4 құрам резервте). Олардың әрқайсысы бір мезетте 600-ден астам жолаушы тасымалдай алады. Бекеттер саны – 18. Бұған қарап жобаның о бастағы көрсеткіштері өзгермегенін көреміз. Тек жолаушы ағыны тәулігіне 150 мың адамнан 45 мың адамға азайтылды.

Жоба тұралаған кезде мемлекеттік органдар желідегі бекеттердің саны қысқарып, соның есебінен құны арзандайтынын мәлімдеген. Дегенмен соңғы ресми мәліметте жоба құны 1,8 млрд доллар болғаны айтылды. Бұл – Қытай тарабымен алғаш жасалған EPC-келісімшарттың құнымен бірдей сома.«City Transportation Systems» компаниясының басқарма төрағасы Асылбек Дүйсебаев жеңіл рельсті көліктің Астана іргесіндегі әуежайдан Қосшы қаласына дейінгі кезеңі 2027 жылдың соңында аяқталатынын мәлім етті.

NEGE

Бюджеттен қанша қаражат жұмсалды? 

Компанияның аудиттелген қаржылық есептеріне сәйкес, 2015–2025 жылдары құрылтайшы тарапынан City Transportation Systems (бұрынғы Astana LRT) капиталына шамамен 731 млрд теңге құйылған.

Оның ішінде 2015 жылы – 27,1 млрд теңге, 2016 жылы – 50,4 млрд теңге, 2017 жылы – 73,7 млрд теңге, 2018 жылы – 26,9 млрд теңге, 2019 жылы – 20,9 млрд теңге, 2020 жылы – 11 млрд теңге, 2021 жылы – 8,7 млрд теңге, 2022 жылы – 63,3 млрд теңге, 2023 жылы – 60,1 млрд теңге, 2024 жылы – 41,4 млрд теңге және 2025 жылы 346,5 млрд теңге салынған.

Осы жылдар кезеңінде Астана қаласының әкімдігі, Көлік министрлігі, Жоғары аудиторлық палата (бұрын – Есеп комитеті), Қаржы министрлігі сияқты жобаға қатысы бар мемлекеттік орган басшыларының БАҚ өкілдеріне айтқан ресми мәліметтеріне сүйенсек, 2015-2020 жылдары жобаға бюджеттен 156,3 млрд теңге бөлінген. Кейін құрылысты қайта жандандыру үшін 2022 жылы 50 млрд теңге, 2023 жылы Ұлттық қордан 52,4 млрд теңге, 2024 жылы 28,4 млрд теңге, 2025 жылы 332,4 млрд теңге бөлінді. Ал 2026 жылдың алғашқы төрт айында Астана бюджетіне LRT қажеттілігіне тағы 66,7 млрд теңге трансферт аударылған.

Осылайша, ашық жарияланған ресми мәліметтер бойынша соңғы 10 жылда LRT құрылысына кемінде 686,2 млрд теңге бағытталған. Жобаның ресми жарияланған құны 1,8 млрд доллар екенін негізге алсақ, бюджет пен Ұлттық қордан бөлінген қаражат LRT құнының шамамен 70%-ын құрайды. Басқаша айтқанда, жобаның негізгі қаржылық ауыртпалығын мемлекет өз мойнына алған.

 

Автор: Анық Есімбай