Лондонда нәсілге бөлінуге қарсы ереуілшілер полициямен қақтығысты
Қазір әлемде нәсілшілдік пен полицейлердің озбырлығына қарсы ереуілдер басылмай тұр. Таяудағы демалыс күндері Лондоннан маза кетті. Біріккен Корольдікте ондаған мың адам көшеге шықты.
Алматы, NEGE. Ереуіл соңы қақтығысқа ұласып, 22 полицей жарақат алды. 41 адам қамауға алынған. Алғашқыда бейбіт шеруге шыққан халық Лондонның оңтүстік-батысында орналасқан АҚШ елшілігіне бет алған болатын. Парламент алаңына келгенде олар полицейлермен текетіреске түсті. Тәртіп сақшыларына шөлмек мен отшашу лақтырды.
Келер ұрпақ бұдан да жақсы өмір сүруі керек. Қара нәсілділердің әлеуметтік жағдайы жақсаруы керек. Біз де адамбыз! Біздің де құқықтарымыз бар! Англияның оңтүстік-батысындағы Бристоль қаласында белсенділер 17-ғасырдың құл иеленушісі, әрі парламентариі Эдвард Колстонның құрметіне қойылған мүсінді құлатып, өзенге лақтырып жіберді.
Ұлыбритания ішкі істер министрі Прити Патель: "Меніңше, бұл өте ұят нәрсе. Қоғамдық тәртіпсіздіктерді ұйымдастыруышылар, шынтуайтына келгенде, мақсаттарынан ауытқығанға ұқсайды. Бұл өте өрескел қылық" деді.
Ұлыбританияның бұрынғы Премьер-министрі Уинстон Черчильдің ескерткіші де вандализмге ұшырады Белсенділер мүсінге «нәсілшіл» деп жазып тастады. Айта кетейік, Черчилль Британияның ұлттық мақтанышы, екінші Дүние жүзілік соғыс кезінде елді аман алып қалған саясаткер ретінде танымал. Бірақ оны ақ нәсілділерді басқалардан жоғары қойған қатігез мемлекет қайраткері деп айыптайтындар да бар.