Лондонда жүз мыңнан аса адам мигранттарға қарсы митингке шықты
Лондонда ультраоңшыл белсенді Томми Робинсон ұйымдастырған Unite the Kingdom ("Корольдікті біріктірейік") атты митингке шамамен 110 мың адам қатысты.
Алматы, NEGE. Сонымен қатар оның қарсыластары Stand Up To Racism ("Нәсілшілдікке тойтарыс берейік") атты шеру өткізді. Бұл акцияға шамамен бес мыңға жуық адам жиналған. БАҚ мәліметінше, көрсетілген сандар Лондон полициясының ресми деректеріне негізделген.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін тәртіп сақшылары екі митингке бір жарым мыңнан астам офицерді жұмылдырды, олардың бірнеше жүзін астана маңындағы аудандардан тартуға тура келген. Шерулердің бағыты қиылысып кеткендіктен, екі тарап арасында қақтығыстар орын алды. Қатысушылар бөтелке, отшашу ракеталары және өзге де заттарды лақтырып, полицияға темір шыбықтар мен сыра банкілерін тастаған.
Өз сөзінде Робинсон Ұлыбритания билігі "заңсыз иммигранттардың құқықтары жергілікті қауымның құқығынан басым түсетін жағдайға жол берді" деп мәлімдеді. Оның митингінде иммигранттарды "үйіне қайтару" туралы ұран жазылған плакаттар көзге түсті. Сондай-ақ ол елде "мәдени төңкеріс" басталып жатқанын айтты.
Unite the Kingdom қатысушылары алдында кәсіпкер әрі Дональд Трамптың бұрынғы жақтасы Илон Маск та сөз сөйледі. Ол Ұлыбританияда парламентті таратып, үкіметтің отставкаға кетуі қажет екенін айтты. Сонымен қатар Маск "солшылдарды" "өлтірушілер партиясы" деп атады.
The Guardian-ның жазуынша, бұл сөздер Трамптың одақтасы, блогер әрі белсенді Чарли Кирктің қазасына қатысты айтылған. Маск: "Сен зорлық-зомбылықты таңдасаң да, таңдамаған күннің өзінде ол бәрібір келеді. Не қарсы тұрасың, не өліп тынасың", — деді.
Ал Stand Up To Racism шеруіне қатысушылар Лондон көшелерімен жүріп өтіп, Робинсонды айыптаған, иммигранттарға қолдау білдірген және "нәсілшілдердің жалған сөзіне сенбеңдер" деген мазмұндағы плакаттар көтерді. Қақтығыс олардың марш соңына жеткен кезде, Робинсон жақтастарымен ара қашықтық небәрі бірнеше метрге қысқарған тұста басталған.