Лионель Месси Temu және басқа да онлайн-платформаларды сотқа берді

Белгілі футболшы Лионель Месси және оның командасы Нью-Йорктың Оңтүстік окруктік сотына онлайн-платформаларға, атап айтқанда Temu, Walmart және Shein сатушыларына қарсы талап арыз берді. Оларды Messi брендінің логотипі бар жалған тауарларды заңсыз сатты деп айыптап отыр.

ғаламтордан

«MESSI» тауар белгісі АҚШ-та 2016 жылы тіркелген. Бренд спорттық киімдер, аяқ киім, жүк сөмкелері, спорттық аксессуарлар және басқа да тауарларды шығарады. Оларды ресми The Messi Store дүкенінен және Adidas пен Pepsi сияқты серіктес брендтерден сатып алуға болады.

Алайда Temu мен Walmart-та Messi брендінің логотипі бар футболкалар, бутсылар және басқа да тауарларды оңай тауып алуға болатыны анықталды. Олардың ресми брендке еш қатысы жоқ. Олар – сапасы төмен қолдан жасалған өнімдер, ол брендтің беделіне нұқсан келтіріп, ықтимал табыстан айырады. Футболшы Лионель Месси берген сот арызында дәлел ретінде контрафактілік футболкалар бейнеленген скриншоттар тіркелген.

Талап арызда Месси мен оның командасы тауар белгісін қолдануға сот арқылы тыйым салуды, сондай-ақ келтірілген шығынды өтеуді сұраған. Тауар белгісін заңсыз пайдаланудың әрбір жағдайы үшін 1000 доллардан 2 000 000 долларға дейін өтемақы талап етілген.

«Біз талап арыз нақты Temu-ға қарсы берілді ме, ол жағын білмейміз. Нью-Йорк соты ресми түрде хабардар еткенге дейін жауапкерлердің аты-жөні құпия сақталады. Бірақ бұл негізінен Temu арқылы әрекет ететін бірнеше ұйым мен жеке тұлғалар тобы», – дейді LATAM Advisors сарапшысы Себастьян Марил.

Бұл ретте футболшының заңгерлері ірі компаниялармен қажетсіз даулар мен ұзаққа созылатын сот процестерінен аулақ болуға тырысатынын айтқан.

«Біз авторлық құқықты бұзатын сатушыларға тікелей талап арыз беруді жөн көрдік. Бұл негізгі құқық бұзушыларға дәл соққы беруге мүмкіндік береді және платформалармен қажетсіз даулардан қашуға көмектеседі. Кейін біз платформалардан  контрафактілі тауарларды өшіруге және авторлық құқықты бұзатын дүкендерді бұғаттауға толық көмектесуін сұраймыз. Осы арқылы мұндай тауарлардың сатылым арқылы таралуына жол берілмейді», – дейді Месси командасының аға заңгері Шварц.

Сарапшылар бұл істі маңызды деп бағалап отыр. Олардың пікірінше, бұл танымал брендтердің жалған өнімдері мен зияткерлік меншік құқықтарын ұрлау арқылы пайда табуға негізделген «жабайы өсу моделінің» аяқталып келе жатқанын білдіреді.

Айта кетейік, көптеген елде Temu тауар қауіпсіздігі ережелерін бұзу, демпинг және әділетсіз бәсекелестік үшін жиі сынға ұшырауда. Қазақстанда да Парламент Мәжілісі деңгейінде шетелдік маркетплейстер, соның ішінде Temu, отандық компанияларға қарағанда артықшылыққа ие деген мәселе көтерілді. Қазақстандық компаниялар барлық салықты толық төлейтін болса, шетелдік, әсіресе қытайлық маркетплейстер көбіне тек «Google салығымен» шектеледі.

Қазір оқып жатыр

Иран тағы бір елге Ормуз бұғазы арқылы өтуге рұқсат берді

Атырау облысында бір топ жігіт полиция қызметкерлеріне шабуыл жасаған

Түркістанда бірнеше күн бұрын суға батып кеткен 2 жасар қыздың денесі табылды

«Өрттен 18 адам қаза тапты»: Абай облысында жалған ақпарат таратқан тұрғын жауапқа тартылды