Лифтіде 5 жасар баланы пышақтаған жасөспірімге қатысты сот үкімі шықты
Астана қаласы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында лифтіде баланы пышақтаған жасөспірімнің ісі қаралды.
Алматы, NEGE. Жасөспірім психоневрологиялық диспансерде есепте тұратындықтан мәжбүрлеп емдеуге жіберілетін болды.
«Астана қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына 14 жасар К.- ға қатысты медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы қаулысы бар қылмыстық іс келіп түсті (ҚК 293-бабы 3-бөлігі 2)тармағы). Сот К.-ның II топтағы мүгедек екенін, психоневрологиялық диспансерде есепте тұра отырып, 2025 жылғы 11 ақпанда тұрғын үй кешенінің лифтінде болған кезде кәмелетке толмаған адамға яғни Е.-нің денесіне зақым келтіріп, оның бетіне пышақпен жарақат салғанын анықтады», – делінген сот хабарламасында.
Сот психологиялық-психиатриялық сараптаманың қорытындысына сәйкес жасөспірім созылмалы психикалық аурудың салдарынан, әрекет кезеңінде өзінің іс-қимылының нақты сипаты мен әлеуметтік қауіптілігін түсінбеген және оларды басқара алмаған, психикалық жағдайы бойынша өзіне және қоғамға қауіп төндірген.
Сот шешімімен жасөспірім Талғар ауданына қарасты Ақтас ауылындағы медициналық мекемеге күштеп емдеу шараларына жіберілді.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.