Ленин бюсті: Алматының білім басқармасы мектептегі кездесуге түсініктеме берді
Бірнеше күн бұрын Threads желісінде Алматыдағы мектептердің бірінде Ресей өкілдерінің қатысуымен өткен тарихи-ағартушылық кездесу қызу талқыланды. Жағдайға қатысты Алматы қаласының білім басқармасы түсініктеме берді.
Астана, NEGE. Білім басқармасының мәліметінше, 19 қазан күні №32 мектептің мұражайында Ұлы Отан соғысы ардагерлерін еске алуға арналған іс-шара өткен. Іс-шараға Ресей өкілдері шақырылып, мұражайға Лениннің бюстін, кеңестік тулар мен пионерлік рәміздерді қойғаны белгілі болды.
Кездесу барысында Ресейдің «Россотрудничество» агенттігінің өкілі балаларға КСРО кезеңінің жағымды жақтарын айтып, оқушыларды тарихи жобаға қатысуға шақырған. Жоба аясында Қазақстан мен Ресейдің ортақ тарихына, соның ішінде Ресей империясы кезеңіне қатысты материалдар жинау ұсынылды.
«Жиынға ардагерлер ұйымдарының өкілдері, ғалымдар және Ресейдің Бас консулдығының қызметкерлері қатысты. Оқушылар соғысқа қатысқан ата-бабалары туралы әңгімелеп, отбасында сақталған естеліктермен бөлісті», – деп хабарлады ведомство.
Басқарма білім беру ұйымдарындағы барлық іс-шара Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өткізілуі тиіс екенін де еске салды. Ведомствоның сөзінше, мұндай кездесулерде қазақстандық патриотизм, елдің тәуелсіздігі мен егемендігі, ұлттық тарих, мәдениет және мемлекеттік рәміздер құрметтелуге тиіс.
Дегенмен қалалық білім басқармасы мектеп мұражайындағы кеңестік рәміздерге қатысты қоғамдық пікірге және Ресей мемлекеттік агенттігі өкілдерінің мектеп оқушыларымен кездесу мазмұны кіммен келісілгені туралы түсініктеме бермеді.