Іле Алатауы табиғи паркінде 13 гектар аумақ өртке оранды

Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Түрген орманшылығының 70-орамында шыққан орман өрті 18 тамызда түнде анықталды.

Видеодан кадр/Экология министрлігі

Астана, NEGE. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің хабарлауынша, өрт шамамен 13 гектар аумақты қамтыған.

19 тамыз сағат 04:00-ден бастап өртті оқшаулау және сөндіру жұмыстары басталып, оған Түрген филиалы, Алматы мемлекеттік табиғи кешенді қаумалы, «Қазавиаорманқорғау» және жергілікті атқарушы органдардың, аудандық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері мен техникалары жұмылдырылған. 

Жалпы өртті сөндіруге 72 адам, 23 автокөлік және авиациялық техника тартылған. Сонымен қатар МИ-8 тікұшағымен өрт ошағына әуеден 3 рет су төгілген.

«Қабылданған жедел шаралардың нәтижесінде 19 тамызда сағат 07:00-де орман өрті оқшауланды», – делінген министрлік хабарламасында.

Қазіргі уақытта өртті толық сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр.