Лавровтың қабағы НЕГЕ қату?

Ресей Орталық Азия елдеріне Украинаны «үлгі» етті

Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Қырғызстан сапарында Орталық Азияға қатысты Кремльдің ұстанымын ашық сөз етті. Сөзінің ауанына қарағанда, Ресей билігі бұл аймақта үшінші елдерді мүлде көргісі келмейтінін ашық жеткізді. Өйткені, Орталық Азия – Ресей үшін шамасы болмай, қараусыз қалдырып кеткен өз «бақшасы».

«Ресейдің Орталық Азия бағытындағы саясаты жасырын күн тәртібінен және қос стандарттардан ада. Біз бұл аймаққа геосаяси тайталастық призмасы арқылы қарамаймыз. Ондағы мемлекеттерге «не бізбен болыңдар, не бізге қарсы болыңдар» деп, жасанды таңдау қоймаймыз». Осылайша, ресейлік дипломат біршама бөсіп те алды. Шынтуайтында, мейлі, ресейдікі болсын, мейлі орталық азия елдерінікі болсын, көптеген сарапшылар Орталық Азия елдерін Ресейдің ықпал аймағы, сателлиті екенін жасырып-жасқап жатпайды. 

Сондықтан да болар, Лавров «Орталық Азия елдерінің саяси бағытына сыртқы күштер ықпал етіп жатыр» деп, бұған үзілді-кесілді қарсылығын білдірді. «Сыртқы күштер» деп отырғаны, әрине, Батыс. АҚШ-пен, Еуроодаққа арнаған «жылы лебізімен» қатар, сөзінің астарынан ескерту де анық байқалады.

«Біз аймақтан тыс ойыншылардың әрекеттерін қолдамаймыз. Олар «Ұлы ойын» деп аталатын көне теорияны басшылыққа алып, аймақтағы мемлекеттердің сыртқы саясатына ықпал етуге ұмтылып отыр. Әрине, өздерінің ыңғайына қарай. Аймақтағы халықтарға рецептілерді, даму үлгілерін және мінез-құлықтарды таңып жатыр. Мұндай саясаттың неге әкеп соғары Украинаның «қайғылы» мысалынан анық көрінеді», – деп мәлімдеді Лавров.

Еуразиялық одаққа кіру мәселесінде АҚШ Ташкентке БСҰ-ға кіруде «қиындыққа» тап боласыңдар деп ескерткен көрінеді. Халықаралық валюта қоры «экономикалық қиындықтар» туындауы мүмкін екенін айтқан. Еуразиялық одаққа кіруге Өзбекстанды үгіттеп көндіре алмай жүрген Ресейге батыстың мұнысы түрпідей тиетіні сөзсіз.  

Шынтуайтында, Лавровтың мәлімдемесінде пәлендей жаңалық жоқ. Мұндай пікірлерді бұрын да бірнеше мәрте қайталаған. «Батыс – бұзық, онымен ойнамаңдар. Аулақ жүріңдер! Әйтпесе, анау украин-бала секілді таяқ жейсіңдер. Мен жақсымын ғой, маған мойынсұнсаңдар, әйбәт боласыңдар» дегендей. Мәселен, мұның алдында, 25 қыркүйекте ол Еуроодақтың Орталық Азияға қатысты жобалары жайында да осы тақілеттес мәлімдеме жасаған.

«Еуродақтың мақсаты Мәскеуге айқын. Ол – Шығыс және Орталық Азиялық әріптестерімізді Ресейден алшақтату. Қазір «Шығыс серіктестігінің» артынан іле-шала ЕО Орталық Азияға арнап жаңа бағдарламаны алға тартып келеді. Онда Ресей мүдделерін, тарихтағы, экономикадағы, мәдениеттегі, адами қатынастардағы, қауіпсіздік мәселелеріндегі біздің байланыстарымызды ескермеген. Өйткені, ол жақта біздің одақтастарымыз бен стратегиялық әріптестеріміз бар», – деген еді ол.

Оған сенсек, Еуроодақ бұрынғы КСРО-ның еуропалық бөлігі және Қап тауындағы республикалары қатысатын «Шығыс серіктестігі» мен  Орталық Азия жөніндегі жаңа стратегиясын біріктіруге ұмтылып жатқан көрінеді. Тіпті, «біздің қолдымызда осындай мәліметтер бар», – дегенді де айтқан. «Мұндай ірі жобалар әзірленіп жатқанда, тіпті, потенциалды режимде де ештеңені жасырып қала алмайсың», – деген еді ресейлік бас дипломат жауының ойын оқып қойғандай.

Лавровтың айтуынша, Ресей  президенті Владимир Путин Еуроодақ санкция салғаннан кейін: «Еуроодақ – «бізбен немесе бізге қарсы» геосаясат ойынын ойнап жатқан сенімсіз серіктес», – деген ұйғарымға келіпті.

Айта кететін жайт, Еуроодақ бағдарламасына не кіреді? Серіктестік, ішкі және сыртқы мәселелерді шешу, реформа жүргізу қабілеттілігін арттыру, экономикалық модернизацияны қолдау, аймақтың гүлденуі, берік бірлестікке ықпал ету, жастарға инвестиция тарту, тағысын тағылар. Ал Ресей бізге не ұсынады? Мойынсұну, біздің тауарларымызға орын жоқ интеграция, Украина сабағы. Әзірге есімізге басқа ешнәрсе түспей тұрғаны.  

Шадияр Өстемірұлы

 

Қазір оқып жатыр

Астанада LRT жолақысы қанша теңге болуы мүмкін?

Шелдон Купердің рөлінде ойнаған америкалық актер қазақша ән салып берді

Қарашығанақ операторы 2 млрд теңге экологиялық айыппұл төледі

«Көктемді жолға салып жіберіңіздер»: елші қызылордалықтарға әзілмен өтініш айтты