Ләйлә Сұлтанқызы: Қыз баласына айтуға болмайтын сөздер бар

Ләйлә Сұлтанқызы балаларын тастайтын әйелдер туралы өз ойын білдірді.

Алматы, NEGE. Бұл туралы ол Гүлнар Бажкеноваға берген сұхбатында айтып берді.

«Мәселені ашық айтып үйренген жөн. Ал бізде ауыз ашсаң, хейтқа (жеккөрінішке) тап боласың. Меніңше, жұмыс жүйелі жүргізілуі тиіс. Иә, түрлі институт, бағдарлама бар. Бірақ олар, өкінішке қарай, жұмыс атқарып жатқан жоқ», — дейді.

Екі ұл тәрбиелеп отырған журналист қыздардың көмек сұрауға ұялатынын тілге тиек етті.

«Ұят болады деп басымыздан өтіп жатқан проблеманы айтуға ұяламыз. Кімге айтуға ұяламыз? Анамызға, әкемізге айтуға ұяламыз. Анамызға айтсақ, әкеміз естіп қалып, анамызды ұрсады деп ұяламыз. Досымыз күледі деп оған айтуға ұяламыз. Психолог дейді. Бізде қандай психолог? Қазір психологтың өзіне психолог керек деген заман. Айтатын адам жоқ! Бізде қызың кетті ме, бітті, «сол жақта құры, сол жерден сүйегің шықсын» деп тұрады. Бұл ең жаман сөз. Бұлай қыз баласына айтуға болмайды. Маған қанша хат келеді білесіз бе? Мыңдаған хат келеді. «Байым ұрды, бала көтере алмай жатырмын. Не істейін? Асылып өліп қалайын ба?» — дейтіндер көп. Бұл туралы жазбасақ тағы  болмайды, жазсақ әңгімені көбейтіп жатырмыз. Әйел құқығын, қыздың еркіндігін айтуға шектеу қойып тастағанбыз. Содан кейін кімге барарын білмейді», — деді Ләйлә Сұлтанқызы.

«16 жасқа толғанымда әкем Алматыға оқуға түс деді. Бұл жерде қалсаң, сені алып қашып кетеді деп ескертті» — дейді  танымал журналист.