Квазимемлекеттік сектордан түсетін салық неге азайып кетті?
2025 жылы квазимемлекеттік сектордан 6,7 трлн теңге салық түскен болса, бұл соманың 53 пайызын бір ғана салық төлеуші – «Теңізшевройл» төлеген. Мұндай тәуелділікті азайту үшін Үкімет қандай шаралар қабылдап жатыр?
Астана, NEGE. Бүгінгі Мәжіліс отырысында депутат Олжас Нұралдинов квазимемлекеттік сектордан түсетін салық көлемінің азаю мәселесін көтерді.
Оның айтуынша, квазимемлекеттік сектордағы 380 компанияның 78-і салық төлемдерін азайтқан. Квазимемлекеттік сектордың алты ірі субъектісі – «Самұрық-Қазына», «Қазақтелеком», «Қазатомөнеркәсіп», «ҚазМұнайГаз», QazaqGaz және басқа да компаниялар бойынша салық түсімдерінің төмендеуі 330 млрд теңгеден асқан.
Квазимемлекеттік сектордан түсетін салықтардың жартысынан астамы бір ғана компанияға тиесілі екенін айта келе, депутат қаржы министрі Мәди Тәкиевтен бұл тәуелділікті азайту және квазимемлекеттік сектордың басқа субъектілерінен түсетін салық көлемін арттыру үшін қандай шаралар қабылданып жатқанын сұрады.
Мәди Тәкиев квазимемлекеттік сектор бюджет кірістерінің шамамен 25 пайызын қамтамасыз ететінін, осы сектор ішіндегі түсімдердің жартысынан көбі «Теңізшевройлға» тиесілі екенін растады.
«Алайда мұнда ТШО-ның ерекшеліктерін ескеру қажет. Бұл – ірі әрі оқшауланған кәсіпорын. Оның төлемдеріне бірнеше фактор әсер етеді: өндіру көлемі, әлемдік нарықтағы бағалар және салық салу режимі. Өздеріңіз білетіндей, компания ерекше салық режимімен жұмыс істейді, әрі ондағы салық мөлшерлемелері қазіргі қолданыстағы мөлшерлемелерден едәуір жоғары. Сондықтан осындай көлемдегі төлемдер түсіп отыр», – дейді министр.
Бұл ретте Тәкиев квазимемлекеттік сектордан түсетін салық көлемінің төмендеуіне бірнеше фактор әсер етіп отырғанын алға тартты.
«Біріншіден, 2025 жылы біз квазимемлекеттік сектор кәсіпорындарына 2024 жылмен салыстырғанда қосылған құн салығын (ҚҚС) көбірек қайтардық.
Екіншіден, 2024 жылы біржолғы ірі төлемдер болған. Мысалы, "Қазақтелеком" Tele2 компаниясын сату нәтижесінде 72 млрд теңге көлемінде корпоративтік табыс салығын төледі. Сондай-ақ жазда «Азия газ құбыры» дивидендтер төлеп, шамамен 72 млрд теңге көлемінде корпоративтік табыс салығын аударды», – дейді қаржы министрі.
Министрдің сөзінше, қазіргі жағдай осы төлемдердің әсерінен қалыптасқан.