11 октября 2024 г. 15:35

Күйеуінің көңілін табу – көргенсіздік емес – сексолог

Фото: А.Жұмамұратқызының жеке мұрағатынан

«Ұят» деген ұғым қазақпен бірге жасасып келе жатқандай еді. Алайда, бүгінгі әлеуметтік желідегі ақпараттың ашықтығы жастың да, жасамыстың да көзін көп нәрсеге үйретіп жібергендей. Ал Айнұр Жұмамұратқызы бұл пікірді жоққа шығарады. Желі арқылы түрлі тренинг өткізіп танылған сексологпен тілшіміз тілдесіп көрді.

– Айнұр ханым, сексолог деген маман қазаққа жат еді. Яғни, ер мен әйел арасындағы қатынас шымылдықтан шықпайтын. Өзіңіз неліктен бұл саланың қыр-сырын меңгеруге тырыстыңыз?

Қазақ аудиториясына арналған босанғаннан кейінгі әйел күтімі, отбасындағы байланыс, оның ішінде ерлі-зайыптылар арасындағы төсек қатынасы жайлы ақпарат өте аз. Ал шетелдік басылым беттерінде айтылатын кеңестер біздің менталитетімізге кереғар келеді. Статистикаға зер салсақ, біздің ел ажырасу бойынша екінші орында тұр екен. Оның астарын қазбалар болсақ, отбасындағы өзара түсініспеушілік көбінесе жыныстық қатынасқа келіп тіреледі. Мәселен, еркекте нақсүйердің пайда болуы, көзге шөп салу, әйелінің күйеуіне суықтық танытып, бір-бірін қаламауы – уақыт өте келе екі жаққа кетуге әкеліп жатады. Осыны түйсінген әйелдер ажырасудың алдын алу мақсатында алдыма келеді. Ал өз басым бұл саланың қыр-сырын меңгеруге 2016 жылы дүниеге сәби әкелген кезден бастап ден қойдым. Өйткені, көпшілік білетіндей, босанғаннан кейін болатын жатырдағы өзгерістер әйелдің денсаулығына зиянын тигізері анық. Мәселен, бұрын апа-әжелеріміз саба қарын болып кетпесін деп жас босанған әйелдің ішін тартып, таңып тастайтын. Сол сияқты баланы омыраудан шығарғанда да оған ерекше күтім жасалады. Жоғарыда айтып өткенімдей, қазіргі әйелдер ондай ақпаратқа зәру. Сондықтан осы тақырыпты тереңінен зерттеп, өзіме қажет бірқатар дүниені меңгерген соң, «өзгелермен неге бөліспеске?» деген ойға келдім. Осы ретте алдымен тренерден сабақ алып, имбилдинг жаттығуларды үйрендім. Уақыт өте келе тек гимнастиканы білу жеткіліксіз боларын ұғынып, алғаш елімізге сексология ұғымын алып келген белгілі психосоматолог Венера Телжанның тағылымынан өттім. Одан соң тағы бірқатар шетелдік мамандардан білім жетілдіруді жөн көрдім. Қазір осы салада жүргеніме еш өкінбеймін.

Имбилдинг деген дүниенің қыз-келіншектерге қандай пайдасы бар?

Имбилдинг деген – жамбас бұлшықеттеріне арналған жаттығулар жиынтығы. Оның босанған әйелдерге тигізер пайдасы зор. Атап айтар болсам, жатырдың төмен түсіп кетуі, іш қату мәселесі, бірнеше бала туған соң зәр ұстай алмай қалу сынды көптеген мәселенің алдын алуға тигізер пайдасы мол. Мәселен, ер азаматтар жаттығу залына барады. Ал әйелдердің үй шаруасымен, бала тәрбиесімен тысқа шығуға мүмкіндігі болмайды. Сондықтан үй жағдайында отырып-ақ жатырға арналған түрлі жатығуларды жасаса, денсаулыққа қатысты көптеген мәселенің алдын алуға болады.

Әлеуметтік желіде түрлі интимді кеңес беріп, тренингтер өткізесіз. Мұны ет жақындарыңыз қалай қабылдады? Мәселен, ағайын-туыс, дос жарандарыңыз сізден арқасын алыс алған жоқ па?

Ондай мәселе болмады. Бастысы, күйеуім мен анам қолдады. Ата-енем де қарсылық танытпады, өйткені ол кісілер не үшін, қандай мақсатта осындай қадамға бет бұрғанымды біледі. Адамдар білместіктен сөгеді. Мысалы, «Қазақтың эротикалық фольклоры» жинағы бар. Ондағы қай мәтінді алсаңыз да ерлі-зайыптылар арасындағы тақырыптың ашық болғанын білдіреді. Бірақ неге екенін, қазіргілер оны жоққа шығарады.

Жалпы жұртқа айтатын интимді техникаларды алдымен өз тәжірибеңізден өткізетін боларсыз?

Әрине, қандайда бір интимді жатығудар болсын, алдымен өз тәжірибемнен өткіземін. Егер оның септігі тимесе, қалың аудиторияға үйретудің қажеті қанша?!

Сонда сізге жезөкшелер жиі келе ме, әлде қарапайым қыз-келіншектер көп жүгіне ме?

Жасыратыны жоқ, кейде жеңіл жүрісті қыздар да келіп жатады. Бірақ олардың дені менсіз-ақ көп нәрсені біледі.

Бірақ өз басым қарапайым қыз-келіншектермен жұмыс жасауға тырысамын. Себебі, сексолог маман әйел мен еркектің анатомиясын білумен қатар, психологиядан да хабардар болуға тиіс. Сондықтан қолымнан келгенше отбасындағы ажырасудың алдын алуға тырысамын. Мен осы ретте білген-түйгенімді үйретемін, бөлісемін. Ақ некелі жарына адал болудың несі айып?! Күйеуінің көңілін табу – көргенсіздік емес.

А.Жұмамұратқызының жеке мұрағатынан

Бұрынғылар ақыл-парасатпен, даналықпен еркекке сөзін өткізуге тырысатын, қазіргі әйелдер неге төсекпен шешуге құштар?

Біздің қаракөздер бала тәрбиесі, қонақ күту, қайын жұртты сыйлау, өзін дамыту тұрғысынан өзге ұлттың әйелдерін шаң қаптырды. Ал төсек қатынасына келгенде –  әлжуаз. Негізі ер мен әйелді эмоцианалды тұрғыдан жақындастыра түсетін де осы мәселе. Маған келетін әйелдердің дені қанша бала туып беріп, ұрпағын өрбітіп отырса да күйеуінің өзінен жеріп кеткенін айтады. Егер ер азаматтар әйелінің әдемі, дені сау болып, жарқырап жүргенін қаласа, жарына көп көңіл бөлу керек. Біздің әйелдердің кемшін жағы сол – өздеріне көп шаруа артып алады.

Бақытты отбасы болу үшін жанұядағы бар қажеттілік қанағаттанарлық болу керек. Соның бірі– жыныстық қатынас. Егер ерлі- зайыптылар бұл мәселеге немқұрайлы қарамай, осы тақырыпта өзара ашық сөйлесе алса, ажырасудың алдын алуға болды.

Енді психосамат маман ретінде айтыңызшы, айналада небір сұлу қыз-келіншектер жүрсе де соқталдай ер азаматтар неліктен жасөспірімдер мен бүлдіршіндерге қол салады?

Педофилдер жәбір көрген адамдар. Мәселен, олар бала кезінде зорлық-зомбылықтың құрбаны болғандықтан, ересек адамдарға деген қорқыныш ұялап, олармен қатыр-қатынас құруды қиын санайды. Сондықтан бар күші қоғамның әлжуаз тобына жететін болғандықтан, жасөспірімдерді құрбанына айналдырады. Бір өкініштісі, педофилді көпшілік арасынан ажырату өте қиын.

Мәселен, өздеріңіздей мамандарды педофилияны өршітуге ат салысып жатыр деп айыптайтындар бар көрінеді. Бұған айтар уәжіңіз бар ма?

Мен мұнымен келспеймін. Өйткені біздің айтатынымыз 18 жастан жоғары аудиторияға арналған. Желіден көріп жүрген түрлі бейнежазбалар мен ересектерге арналған фильмдерге де кәмелет жастан асқан қыз-келіншектер түседі. Анығында балаға қиянат жасау – психикалық ауытқудың белгісі.