Күйеуін өлтірді деп айыпталған егде жастағы әйел жазадан босатылды

Ақмола облысында 63 жастағы әйел жанжал кезінде азаматтық некедегі күйеуін өлтірген. Аталған іс Ақмола облыстық мамандырылған ауданаралық сотында қаралды.

pixabay.com

Астана, NEGE. Тергеу барысында әйелге Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігі бойынша – қасақана кісі өлтіру айыбы тағылған. Іс материалдарына сәйкес, ол азаматтық некедегі жұбайымен тұрмыс тауқыметінен жиі жанжалдасып жүрген. Ер адам жұмысқа бармай, тапқан-таянғанын карта мен ішімдікке жұмсаған. Кезекті жанжал кезінде ер адам әйелінің басы мен бетінен ұрып, ауыр жарақат салған. Сол сәтте 63 жастағы әйел көкөніс турап жатқан пышақпен күйеуіне соққы жасап, артынша жедел жәрдем шақырған.

Алайда ер адам ауруханада қан кетуден көз жұмды.

Алқабилердің қатысуымен өткен сотта әйелдің қылмыс жасаған сәтте аффект жағдайында болғаны анықталды. Оны Қылмыстық кодекстің 101-бабының 1-бөлігі – қатты жан күйзелісі жағдайында кісі өлтіру бабы бойынша кінәлі деп таныды. Сот айыпталушының жасы, ер адамның туыстары тарапынан материалдық не моральдық шағымның болмауы сияқты жеңілдететін мән-жайларды ескерді.

Сот үкімімен әйелге 1 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Алайда ол «Қазақстан Республикасының Конституциясының 30 жылдығына байланысты рақымшылық туралы» заңға сәйкес жазадан босатылды. Үкім заңды күшіне енді.

Қазір оқып жатыр

Алматыда жаппай төбелес кезінде екі оқушы көз жұмды

Трамптың ұлдары Қазақстандағы вольфрам жобасына қаржы құйды

Мәсімовтің бұрынғы күйеу баласы қос азаматтығы болғанын мойындады

Вьетнамда ұсталған блогер Қайсар Қамза көшеде еркін қозғалып жүр