«Күйеуім сектаның ықпалынан шыға алмай жүр»: Нұртас Адамбайдың жұбайы дабыл қақты
Қазақстандық актер әрі режиссер Нұртас Адамбайдың жұбайы Ғалия әлеуметтік желіде күйеуіне және оның діни ұстазы Төребек Бекбаевқа қатысты бірқатар мәлімдеме жасады. Ол Адамбайдың бірнеше жылдан бері Бекбаевтың ықпалында жүргенін, соның салдарынан отбасында жанжал көбейіп, балалары зардап шегіп жатқанын айтты.
Астана, NEGE. Нұртас Адамбай қазір отбасымен бірге АҚШ-та тұрады. Режиссердің айтуынша, ол бұл елге алғашында уақытша барған, бірақ кейін сонда қалуды шешкен. Жақында Адамбай әлеуметтік желіде Төребек Бекбаевпен бірге түскен суретін жариялады.
Артынша оның жұбайы Ғалия да осы суретті Instagram парақшасына салып, Бекбаевты діни сектаның өкілі деп айыптады.
Ғалияның сөзінше, Бекбаевтың ұстанымдары отбасындағы бала тәрбиесіне, олардың тамақтануы мен емделуіне де ықпал еткен. Әсіресе балаларды өздері қаламаған нәрсеге мәжбүрлемеу керек деген кеңестеріне қарсы шыққан. Оның айтуынша, осының кесірінен үйде күн сайын жанжал туындайды.
«Үш жасар балаңның тісін тазалату үшін күн сайын күресуге тура келетін үйде өмір сүру – азап. Өйткені әкесі қызының өз еркінен тыс бірдеңе істеуіне қарсы. Балаларға дұрыс, құнарлы тамақ беру де мәселеге айналды. Бала ауырып қалса да, дәрігерге апармай, өздігінен жазылғанын күту керек дейді. Құдай көмектеседі дейді. Дәрігер жазып берген дәрілерді ішкізуге де қарсы. Бала өзі қаламаса, оны емдеуге болмайды деп есептейді. Бұл – Нұртас Төребектің сектасынан үйге алып келген сандырақтың, тас дәуірінен қалған түсініктердің жүзден бір бөлігі ғана», – деді Ғалия.
Ол Адамбайдың өзі дәрі-дәрмегін ішіп, дұрыс тамақтанатынын, ал балаларға келгенде мұндай талаптарды елемейтінін айтты.
Ғалия бастапқыда тек Төребек Бекбаевтың «сектасы» туралы айтып, өз отбасындағы жағдайды көпшілікке жария еткісі келмеген. Алайда, оның айтуынша, күйеуі қоқан-лоққы көрсетіп, түрлі әрекеттерімен мазасын алғандықтан, соңғы бес жылда отбасында не болғанын ашық айтуға мәжбүр болған.
«Бұл туралы енді айтпаймын деп шешкен едім. Бірақ күйеуім қорқытып, жөнсіз әрекеттерімен мені қайта сөйлеуге мәжбүрлеп отыр. Мәселені бейбіт жолмен шешу мүмкін болмай тұр. Сондықтан соңғы бес жылда көрген-білгенімді айтуды жалғастырамын», – деп жазды ол.
Ғалия Төребек Бекбаевтың білімі мен біліктілігіне де күмән келтірді. Оның айтуынша, Бекбаев медициналық білімі болмаса да, балаларды емдеу жөнінде кеңес береді. Сондай-ақ бір сағаттық кеңесінің бағасы бұрын 20 мың теңге болса, қазір 170 мың теңгеге жеткенін мәлімдеді.
Ғалия Төребек Бекбаевтың кеңестерінен зардап шеккендер бар екенін де мәлімдеді. Тіпті олар көп дейді. Ол мысал ретінде кішкентай қызы жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырағаннан кейін Бекбаевтың семинарына қатысқан әйелдің оқиғасын келтірді.
Ғалияның айтуынша, әйел басынан өткен қайғыға байланысты көмек іздеген. Алайда Бекбаев оған қолдау көрсетудің орнына болған жағдайға өзін кінәлаған.
«Ол әйелге: “Бәріне өзің кінәлісің. Бұл – жасаған күнәңнің жазасы”, – деп жауап берген. Осы сөздерден кейін әлгі әйел өзіне қол жұмсауды ойлаған. Кейін кездейсоқ маған хабарласып, "Оның айтқаны дұрыс па?" деп сұрады. Мен онымен сөйлесіп, бұл ойынан бас тартуға көндірдім», – деп жазды Ғалия.
NEGE редакциясы Нұртас Адамбай мен Төребек Бекбаевтан айтылған айыптауларға қатысты пікір сұрады. Режиссер хабарламаны оқығанымен, жауап бермеді. Ал Бекбаевқа жазғанымызда, оның семинары туралы ақпарат ұсынған автоматты жауап келді. Қойылған сұрақтарға әзірге жауап алған жоқпыз. Алған жағдайда оны да жариялауға дайынбыз.
Әзіл-сықақ жобалары арқылы танылған Нұртас Адамбай соңғы жылдары дін тақырыбында жиі пікір айтып жүр. Діни көзқарасы өзгерген соң, тіпті өзін көпшілікке танытқан «Келінка Сабина» фильмдерін интернеттен өшірген. Бұған дейін Қанат Бейсекеевке берген сұхбатында режиссер кезінде діни сенімін өзгелерге таңуға тырысқанын мойындаған.