Кувейтте ауруханаға түскен қазақстандық бортсерікке консулдық көмек көрсетіліп жатыр – СІМ
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Кувейтте ауруханаға түскен 25 жастағы бортсерік қызға қатысты пікір білдірді.
Астана, NEGE. Министрліктің ресми өкілі Жанболат Үсеновтің мәлімдеуінше, Қазақстан дипломаттары қыздың туыстарымен және оны емдеп жатқан медицина мамандарымен тұрақты байланыста.
«Оған тиісті консулдық-құқықтық көмек көрсетілуде. Бұл жағдай Сыртқы істер министрлігінің бақылауында», – дейді СІМ өкілі.
Айта кетейік, бұған дейін Кувейтте 25 жастағы қазақстандық бортсерік ауыр жағдайда ауруханаға түскенін жазған едік. Дәрігерлер оның миына зақым келген болуы мүмкін екенін айтып, жапон энцефалитін жұқтырған деп күдіктеніп отыр. Әзірге нақты диагноз қойылған жоқ.
Instagram желісінің қолданушысы Қайрат Бермұқановтың айтуынша, Непалдан Кувейтке ұшқан рейстердің бірінен кейін экипаж мүшелерінің дене қызуы көтеріліп, бастары ауырған. Олардың арасында қазақстандық бортсерік те болған.
Алғашында қыз жансақтау бөліміне жатқызылған. Екі күннен кейін жағдайы жақсарып, дәрігерлер оны ауруханадан шығарған. Алайда жетінші күні қазақстандықтың жағдайы күрт нашарлаған. Ол кеңістікті бағдарлай алмай, өзін және тіпті ата-анасын да танымай қалған соң консулдық өкілдерінің араласуымен қайта ауруханаға жатқызылған.