«Құтыдағы өмір»: Қыз-келіншектер арасында аналық жасушасын қатыруға сұраныс артқан
Қазақстанда соңғы жылдары қыз-келіншектер арасында аналық жасушасын алдын ала қатырып қойғысы келетіндер саны артып келеді.
Алматы, NEGE. Мамандардың айтуынша, 35 жастан кейін жұмыртқа жасушаларының сапасы айтарлықтай төмендеп, бала көтеру мүмкіндігі азая береді. Бұл табиғи құбылысқа ықпал ету мүмкін емес, сондықтан биоматериалды алдын ала мұздатып сақтау арқылы кейін ата-ана атануға болады.
Ұрықты қатырып, сақтауды ғылыми тілде криоконсервация әдісі деп атайды. Бұл тәсіл бала сүюге денсаулығы жарамайтын, сондай-ақ дені сау ұрпақ сүюді жоспарлап отырған әйелдер мен ерлерге үлкен мүмкіндік береді. Денсаулығында кінәраты бар адам биоматериалын алдын ала сақтап қойса, кейін сауығып шыққан соң ата-ана атануға үміті болады. Елімізде аналық және аталық тұқым жасушасын сақтауға арналған 8 криобанк бар.
Репродуктивтік медицина институтының репродуктолог-дәрігері Ләззат Айтқожинаның айтуынша, қазіргі уақытта жалғызбасты қыз-келіншектердің саны артқан. Сондықтан олар ана атанудың қамын алдын ала ойластырады.
«Тұрмыс құруға асықпайды деп айта алмаймын. Көбіне өздеріне лайық адамды іздеп жүріп қалады. Қазір қыздардың көзі ашық. Бұрынғыдай қол қусырып отыра бермейді. Өз адамын кездестіргенше, жас кезінде аналық жасушасын қатырып қоюға әрекет жасайды», – дейді дәрігер.
Аналық жасушаны алып, қатырудың алдында қыз-келіншектер міндетті түрде толық тексеруден өтеді. Аналық жасушаны қатыру процесі хаттама бойынша жүргізіледі.
«Тексерістен кейін барлығы жақсы болып, қарсы көрсетілімдер анықталмаса, аналық жасушасын мұздатып сақтаймыз. Ал денсаулығы жарамаса, қатыруға болмайды», – дейді Ләззат Айтқожина.
Аналық жасушаны қатырып сақтау дәрігерлердің қатаң бақылауымен жүргізіледі. Ең алдымен гинеколог немесе репродуктолог маманға қаралу қажет. Қабылдау барысында дәрігер науқастың жалпы денсаулығын, гормондар деңгейін және аналық без қорының жағдайын жан-жақты тексереді.
Ультрадыбыстық зерттеу мен зертханалық талдаулар арқылы ағзаның бұл процедураға дайындығы бағаланады. Осыдан кейін шамамен 10–14 күн бойы гормоналды ынталандыру жүргізіледі. Арнайы препараттардың көмегімен аналық безде бір емес, бірнеше аналық жасушаның қатар жетілуіне жағдай жасалады.
Аналық жасушалар толық жетілген соң, оларды алу ультрадыбыстың бақылауымен арнайы пункция әдісі арқылы жүзеге асады. Бұл медициналық манипуляция әдетте 10–20 минутқа созылады және көп жағдайда жеңіл наркозбен жасалады.
Қыз-келіншектер қанша жасына дейін өзінің аналық жасушасын қатырып, сақтай алады?
Репродуктолог дәрігердің айтуынша, өзінің аналық жасушасын қатыруды жоспарлап жүрген қыз-келіншектер 38 жасына дейін әрекеттенуі керек.
«Турасын айту керек, 40-тан асып кеткен келіншектердің аналық жасушасын қатырмаймыз. Қатырған күннің өзінде оның адам болуы екіталай. Қатырылған ұрықтың аты – қатырылған. 40-жастан асқан әйелдердің жасушасын еріткенде оның сапасы мүлдем нашарлап, жүктілік болмауы мүмкін. Ал келіншектер 45 жасына дейін соған сеніп жүре береді. Сол себепті 40 жастан кейін аналық жасушаны қатырғаннан нәтиже болмайды. 37-38 жасқа дейін келсе, олардың ұрығы әлдеқайда мықтырақ болады. Еріткенде сол қалпын сақтап тұрады», – дейді дәрігер.
Ер-азаматтар да бұл үдерістен қалыс қалып жатқан жоқ. Барлығы болмаса да, бірен-саран ер адам ұрығын қатырып қоюға әрекет жасайтын көрінеді.
«Өз тәжірибемде үйленбеген ер адамдардың өзі үшін келіп, ұрығын қатырып жатқанын көре қойғаным жоқ. Бірақ естігенім бар. Ерлер әйелдер сияқты емес, көп келмейді», – деді Айтқожина.
Ең қызығы, аналық жасуша барлық талаптарға сай сақталса, ондаған жылдарға дейін бүлінбей тұра береді. Аналық жасушалар криоконсервация әдісімен, яғни –196°C температурадағы сұйық азотта сақталады. Мұндай төмен температура жасушалардың ішкі құрылымын бұзбай, олардың сапасын ұзақ жылдар бойы өзгеріссіз сақтауға мүмкіндік береді. Жасушаны сақтауға ай сайын 3000-4000 теңге аралығында төлем жасалады. Егер сақталған аналық жасушаны ары қарай пайдаланбайтын болсаңыз, оны жоюға болады немесе өзге адамға сыйға тарта аласыз.
Криоконсервацияға қай өңірден көп жүгінетінін дөп басып айту мүмкін емес. Есесіне, шетелде жүрген қазақ қыздары аналық жасушасын қатыруға жиі жүгінеді екен.
«Өңірлерге қатысты менде нақты мәлімет жоқ. Өйткені олардың қай өңірден көп келіп жатқанына мән бере бермейміз. Айта кетерлігі, маған шетелде жүрген қазақ қыздары жиі келеді. Қазір менде Америкадан келген жасы 30-дар шамасындағы жас келіншек бар. Америкада бұл процедура 15 мың доллардың айналасында. Сол себепті елге келіп, аналық жасушаларын қатырып жатыр. Екінші пациентіміз Қызылорданың қызы, ол да Америкада тұрады. Жасы 35-тен асқан. Бізге екі рет келіп, екі рет ұрығын қатырып кетті. «Менің жігітім бар, мен жұмыс істеп жатырмын. Дәл қазір бала көтергім келмейді», – дейді. Әзірге бала тууды жоспарламайтын және отбасын құруға лайық ер азамат кездеспеді деп есептейтін қыз-келіншектер бізге келіп, аналық ұрығын қатырып жатыр», – дейді Ләззат Айтқожина.
Қоғамда теріс пікір көп
Аналық жасушасын қатырып қойған кейіпкеріміздің есімі – Алуа Ибраева. Ол бұл қадамға денсаулық жағдайына және жасына қатысты барған.
«Қазір жасым 35-те. Сапалы биологиялық материалды мұздатып, сақтап қалуға қолайлы кезеңнің өтіп бара жатқанын жақсы түсінемін. Сонымен қатар гинекологиялық жағдайға байланысты екі отаны басымнан өткіздім. Бір жатыр түтігім алынды, аналық бездерімнен киста анықталды. Сол жақтан да жатыр түтігі алынып, сол аналық безді алып тастау қаупі болған. Бұдан бөлек, кисталардың оң жақ аналық безге де таралуы мүмкін еді», – дейді Алуа.
Сол себепті ол жұмыртқа жасушасын қатырып қою туралы шешім қабылдаған.
«Өзімді сақтандыру мақсатында жұмыртқа жасушаларын мұздатып қою туралы шешім қабылдадым. Егер болашақта өзім бала көтере алмасам немесе оны дүниеге әкеле алмасам, суррогат ана көмегіне жүгініп, өзімнің мұздатылған жұмыртқа жасушаларымды пайдалануға мүмкіндігім болады», – дейді кейіпкеріміз.
Алуа Ибраева бұл кезеңнің өзі үшін өте күрделі болғанын айтады. Оның сөзінше, компанияда жұмыс істегендіктен, барлық медициналық процедураларды – талдауларды және дәрігерлерге қаралуды жұмыспен қатар алып жүру оңай болмаған. Ол жұмыстан жиі сұранып кетуге мәжбүр болған. Барлық талдауларды толық жинауға шамамен бір ай уақыты кеткен.
«Психологиялық тұрғыдан да бұл кезең ауыр өтті. Келесі циклға үлгермей қаламын ба деп уайымдадым, ондай жағдайда барлық еңбегім зая кететіндей көрінді. Сондай-ақ процедураның өзіне және оның қалай өтетініне байланысты да алаңдадым. Жалпы алғанда, бұл кезең моральдық, эмоционалдық және психологиялық тұрғыдан қиын болды. Бұған қоса, қаржылық қиындықтар да туындады. Біраз үнемдеу үшін тұрғылықты жерімдегі емханаға жүгіндім, дегенмен соның өзінде талдаулар мен тексерулерге едәуір қаражат жұмсалды», – дейді Алуа.
Алуаның айтуынша, ол бастапқыда қоғамның сынынан қорыққан.
«Шынымды айтсам, Threads-та пост жазып, өз тәжірибеммен бөліскен кезде қоғамның реакциясы қалай болады деп қатты уайымдадым. Біздің қоғам бұған әлі де теріс көзқараста. Егер сен 35 жаста болсаң, қазақ болсаң, оның үстіне тұрмыс құрмасаң және жұмыртқа жасушаларыңды қатырып қоюға шешім қабылдасаң, бұны қоғам оң қабылдай қоймайды. Мен ең алдымен осыдан қорықтым. Ең қызығы – пост жарияланғаннан кейін әйелдер тарапынан жылы пікірлер алдым», – дейді Алуа.
Алуа Ибраева өз шешімін ата-анасымен немесе жақындарымен арнайы талқыламағанын айтты. Қаңтар айында ота жасатып, сол жақ түтігін алып тастаған кезде аналық жасушаларын мұздату мәселесінің өзектілігін түсініп, оны тез арада шешуді ойлаған. Сол себепті ол 2025 жылы бұл мәселені толық аяқтауды өзіне мақсат етіп қойған.
«Мен бұл шешімге өзім келдім және ешкіммен ақылдаспадым. Кейін ғана шешімімді анама айтып едім, ол мені қолдады», – дейді ол.
Ол аталмыш процедураға қанша қаражат жұмсағанын айтып берді.
«Диагностика, талдаулар, дәрігер қабылдаулары және тікелей отаға шамамен 1 160 587 теңге жұмсадым. Кейбір талдауларды қайта тапсыруға тура келді, себебі олардың жарамдылық мерзімі өтіп кетіп, қайта тапсыруға тура келді», – дейді Алуа.
Алуа аналық жасушасын сақтауды ойлап, бірақ бұл қадамға баруға әлі де шешім қабылдай алмай жүрген қыздарға өз ақыл-кеңесін айтты.
«Мен барлық қыздарға, әсіресе 30–35 жастан асқандарға, егер жұмыртқа жасушасын қатыру туралы ойларыңыз болса, оны кейінге қалдырмауға кеңес беремін. Кешіктірмеңіз, жай ғана барып, іске кірісіңіз. Мен бұл туралы бір жыл бойы уайымдадым. Бірақ бәрін жасап болған соң, өзімді жеңіл сезіндім. Арқамнан ауыр жүк түскендей болды. Өзіммен мақтанамын, қорықпай осы қадамға барғаныма қуаныштымын», – дейді ол.
Сондай-ақ ол қыздарға қоғам пікіріне, отбасының қысымына немесе белгілі бір жаста міндетті түрде бала туу керек деген стереотиптерге тәуелді болып қалмауға кеңес берді. Ең бастысы – сенімді әрі тәжірибелі дәрігерге жүгіну.
- Тақырыпқа орай: Ұрық саудасы: «Спермаңызды сатасыз ба?»