Құс тұмауы тараған 7 аудан карантинге жабылады
Солтүстік Қазақстан облысындағы жеті ауданда құс тұмауы тіркелді. Оның адам ағзасына зияны жоқ.
Алматы, NEGE. Тиісті сараптама елордада жасалған. Оның қорытындысы бойынша бұл дерт құс тұмауының AH5 түріне жататыны анықталды. Қазір ауру шыққан Якорь, Алабота, Чкалов, Тимирязево, Новорыбинка, Шұқыркөл, Чернобаевка ауылдары мен Сергеевка қаласында карантин жарияланып, зарарсыздандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өңірде шамамен 7 мың құс қырылған. Салдарынан шығынға батқан шаруаларға нарықтағы орташа баға ескеріліп, өтемақы төленетін болады. Ол үшін мамандар фермерлердің үйлерін аралап санау жүргізбек. Ал әзірге аталмыш елді мекендерде құс еті мен оның өнімін сатуға тыйым салынған.
Айта кетейік, құс тұмауы Ресейдің шекаралас аймақтарында өршіп тұр. Сол себепті Қазақстан шекарасында көліктерді зарарсыздандыру бекеттері қойылады. Облыстық ветеринария басқармасының басшысы Берік Әлжанов: "Республикалық қордан 780 мың доза вакцина бөлінді. Осы вакцинамен барлық құс егіліп, құс тұмауының әрі қарай таралмауына біз әрекет жасаймыз" деді.