Құрманғазы оркестрі Қытайда
Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі Қытайдың астанасы Бейжің қаласындағы Ұлттық орындаушылық өнер орталығында кеш ұйымдастырды.
Алматы, NEGE. «Ұлы Дала сазы» атты концерт «Әлемдік музыкалық сериялары» жобасы аясында өткізілді. Концерттік бағдарламада Құрманғазы, Түркеш, Дәулеткерей, Абай және Тілендиевтің шығармаларымен қатар, Моцарт, Брахм сияқты шетелдік композиторлардың танымал еңбектері орындалған. Кеш Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі мен Қазақстанның Қытайдағы елшілігінің қолдауымен өтті.
2010 жылдан бері Ұлттық орындаушылық өнер орталығында жүзеге асырылып келе жатқан «Әлемдік музыкалық серия» жобасы аясында 50-ден астам елдің шығармашылық ұжымдарының қатысуымен 120 қойылым көпшілікке ұсынылып үлгерген.
Айта кетейік, ағымдағы жылдың мамыр айында, ҚР Мәдениет және спорт Министрлігінің қолдауымен және 85 жылдық мерейтой аясында, Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрі Ресей Федерациясы: Мәскеу және Санкт-Петербург қалаларына, Қытай Халық Республикасы: Пекин қаласына және Батыс Қазақстан облысына гастрольдік сапармен барып қайтты. Гастрольдік концерттер ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақ мәдениеті» бағдарламасын жүзеге асыру және елдердің ынтымақтастығы мен достық қарым-қатынасын нығайту мақсатында өтті.