Құрылтай сайлауында Корея мен Жапониядағы қазақстандықтар алғашқы болып дауыс берді
Бүгін, 23 тамызда Қазақстанда бір палаталы Құрылтай депутаттарын сайлау басталды. Сайлауда дауыс беру мүмкіндігіне алғашқылардың бірі болып Корея мен Жапониядағы қазақстандықтар ие болады.
Астана, NEGE. Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, Сеулдегі №422 және Токиодағы №425 сайлау учаскелері жергілікті уақыт бойынша сағат 07.00-де ашылды.
«Шетелдегі барлық дауыс беру учаскелері Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктерінің аумақтарында ұйымдастырылған. Қазақстан Республикасының азаматтары Құрылтай депутаттарын сайлауға бірінші болып Кореяда дауыс берді», – делінген СІМ хабарламасында.
Сеулдегі сайлау учаскесінде алғашқылардың бірі болып Корея университетінің студенті Ажар Кәрімжанова өз таңдауын жасады.
«Мен Кореяда үш жылдан бері тұрып, қазіргі уақытта Корея университетінде білім алып жүрмін. Қазақстан Республикасының азаматы ретінде еліміздің болашағына қатысты маңызды қоғамдық-саяси үдерістерден тыс қалмауға және өз үлесімді қосуға тырысамын», – дейді Ажар.
Оның айтуынша, бүгін қабылданатын шешімдер ертеңгі Қазақстанның даму бағытын айқындайды. Сондықтан жастардың өз пікірін білдіріп, елдің қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысуы өте маңызды.
Токиодағы сайлау учаскесінде алғашқылардың бірі болып отандасымыз Әлішер Әзімбаев дауыс берді, ол қазақ қоғамындағы әділеттілік, заңдылық пен даналықтың символы – Би бейнесінде келді.
Әлішер Цукуба университетінде «Мемлекеттік саясат» мамандығы бойынша оқып жүр. Ол қазақ халқының тарихи дәстүрлерін Қазақстанның жас буынының заманауи ұмтылыстарымен ұштастырған.
«Менің ойымша, жаңадан құрылған Құрылтай бұл дәстүрді халықпен өзара іс — қимылда мемлекеттік маңызы бар мәселелерді шешуге арналған қазіргі заманғы саяси институт ретінде жалғастырады», – деп атап өтті ол.
Сондай-ақ Малайзиядағы, Сингапурдағы, Индонезиядағы, Вьетнамдағы сайлау учаскелері өз жұмысын бастады. Жалпы 61 елдегі Қазақстан өкілдіктері жанында тағы 79 сайлау учаскесі жұмыс істейді.
Айта кетейік, Құрылтай депутаттарын сайлауға елде ресми тіркелген жеті партия – «Ақ жол», «Ауыл», «Әділет», «Байтақ», ЖСДП, «Республика», «Қазақстан халық партиясы» қатысуда. Сайлауда 12 731 847 Қазақстан азаматы дауыс бере алады, ел аумағындағы 10,4 мың сайлау учаскелері ұйымдастырылған, олар 20.00-ге дейін жұмыс істейді. Жекелеген учаскелерде, мәселен, әскери бөлімдерде, ауруханаларда, санаторийлерде, вахталық кенттерде және үздіксіз жұмыс істейтін өндіріс орындарында, тізімге енгізілген барлық сайлаушы дауыс беріп болған жағдайда, дауыс беру мерзімінен бұрын аяқталуы мүмкін.