Құрылтай сайлауына 34,3 млрд теңге бөлінеді

Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауын ұйымдастыру мен өткізу үшін республикалық бюджеттік резервтен 34,3 млрд теңге бөлінеді. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Михаил Бортник ОСК отырысынан кейін өткен брифингте мәлімдеді.

Nege media

Астана, NEGE. Бүгін Орталық сайлау комиссиясының Құрылтай депутаттарын сайлау бойынша электоралды науқан аясындағы екінші отырысы өтті. ОСК мүшелерінің айтуынша, сайлау жұмыстарына жұмсалатын қаражат Үкіметтің резервінен бөлінген. Себебі бұл сайлау өткен жылы қабылданған республикалық бюджетте қарастырылмаған.

«2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Құрылтай депутаттарының сайлауын ұйымдастыру мен өткізуге 34,3 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаражат Үкіметтің резервінен қарастырылды, өйткені республикалық бюджет өткен жылы қабылданды және сол кезде бұл сайлауды өткізу жоспарланбаған болатын. Алдағы сайлаудың бюджеті аумақтық сайлау комиссияларының қажеттіліктері негізінде, сайлау заңнамасының талаптарына сәйкес қалыптастырылды. Оған сайлау процесінің заңдылығын, ашықтығын және тиісті деңгейде ұйымдастырылуын қамтамасыз етуге қажетті барлық шығындар енгізілген», – деді Михаил Бортник.

Сонымен қатар отырыста кандидаттарды ұсыну қорытындылары, мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету және халықаралық байқаушыларды аккредиттеу мәселелері қаралды.ОСК хатшысы Шавхат Өтемісовтің мәліметінше, Құрылтай депутаттығына кандидаттарды ұсыну 2026 жылғы 13 шілде сағат 18:00-де аяқталған. Белгіленген мерзімге дейін Орталық сайлау комиссиясына жеті саяси партияның партиялық тізімі ұсынылған.

Атап айтқанда, «Ақ жол» демократиялық партиясы – 63 кандидат, «Ауыл» партиясы – 69 кандидат, «Әділет» партиясы – 186 кандидат, «Байтақ» жасылдар партиясы – 47 кандидат, Қазақстан халық партиясы – 72 кандидат, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия – 33 кандидат және Respublica партиясы 76 кандидат ұсынған.

Отырыста партиялық тізімдерді тіркеу кезіндегі сайлау жарнасын төлеу тәртібі де түсіндірілді. Бір кандидат үшін сайлау жарнасының мөлшері 15 ең төменгі жалақыны немесе 1 млн 275 мың теңгені құрайды. Алайда 2023 жылғы Мәжіліс сайлауында сайлаушылардың 5 және одан жоғары пайыз дауысын жинаған партиялар бұл жарнадан босатылады. Ал 3–5 пайыз дауыс алған партиялар жарнаның 50 пайызын, 1–3 пайыз дауыс алған партиялар 70 пайызын төлейді.

Nege media

Сондай-ақ комиссия мүшесі Ләззат Сүйіндік мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, ОСК соңғы жылдары сайлау учаскелерінің қолжетімділігін арттыру бағытында бірқатар шараларды жүзеге асырып келеді. Атап айтқанда, ОСК отырыстарының тікелей көрсетілімдері ымдау тіліне аударылады, Брайль қарпімен жасалған трафареттер қолданылады, барлық сайлау учаскелері аудионұсқаулықтармен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар сайлау комиссияларының мүшелеріне арналған арнайы бейнеоқыту курсы енгізіліп, жергілікті атқарушы органдар инватакси қызметін ұйымдастырады.

Өз кезегінде ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров саяси партияларды сайлауалды үгіт барысында көру, есту және тірек-қимыл аппараты бұзылған азаматтардың құқықтарын ескеруге шақырды: 

«Қазақстан Республикасының Құрылтай депутаттарының сайлауына қатысып жатқан саяси партияларға үндеу жасағым келеді. Конституциялық сайлау құқықтарының іске асырылуы сайлау процесінің барлық кезеңінде, оның ішінде мүгедектігі бар адамдар үшін де қамтамасыз етілуге тиіс. Саяси партияларды осы талаптарды ескеруге шақырамын». 

Оның айтуынша, партиялар сайлаушылармен кездесулер өтетін орындардың кедергісіз қолжетімділігін қамтамасыз етіп, жария іс-шараларда сурдоаударманы ұйымдастыруы, сондай-ақ сайлауалды бағдарламаларды мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолжетімді форматта ұсынуы қажет.

ОСК отырысында халықаралық байқаушыларды аккредиттеу мәселесі де қаралды. Комиссия төрағасының орынбасары Мұхтар Ерманның мәліметінше, қазіргі уақытта үш халықаралық ұйым мен төрт шет мемлекеттен барлығы 60 халықаралық байқаушыны аккредиттеу ұсынылған.

Олардың қатарында ТМД байқаушылар миссиясының 4 өкілі, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Парламентаралық ассамблеясының 19 өкілі, ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының (ДИАҚБ) 32 байқаушысы, сондай-ақ Мальдив Республикасынан 2 өкіл бар. Бұдан бөлек, Палестинаның Қазақстандағы елшісі, Венесуэланың Қазақстандағы елшісі және Венгрияның Қазақстандағы уақытша сенімді өкілі де халықаралық байқаушы ретінде аккредиттелген. ОСК мәліметінше, аккредиттеу жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады.