Құрылтай сайлауы: негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспары жарияланды
Орталық сайлау комиссиясы 23 тамызға белгіленген Құрылтай депутаттары сайлауын дайындау және өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарын бекітті.
Астана, NEGE. Комиссия бекіткен жоспарға сәйкес, 2 шілдеден 13 шілде сағат 18.00-ге дейін партиялық тізімдер ұсынылады. Партиялық тізімдер 23 шілде сағат 18.00-ге дейін тіркеледі.
11 шілдеге дейін Аумақтық сайлау комиссияларының құрамдары, олардың орналасқан жерлері, ал 16 шілдеге дейін учаскелік сайлау комиссияларының құрамдары, сайлау учаскелерінің шекаралары мен сайлау комиссияларының орналасқан жерлері жарияланбақ.
Сайлау алдындағы үгіт 23 шілде күні сағат 18.01-ден бастап 22 тамыз сағат 00.00-ге дейін жүргізіледі.
2 тамызда учаскелік сайлау комиссиясына акт бойынша сайлаушылар тізімі ұсынылады.
7 тамызда сайлаушылар өздері туралы сайлаушылар тізіміндегі деректермен таныса алады.
22 тамыз Тыныштық күні деп белгіленді.
Ал 23 тамызда Қазақстан Республикасының тарихында тұңғыш рет Құрылтай депутаттарын сайлау өтеді.
Бұл ретте Орталық сайлау комиссиясы қазақстандықтарды «елдің одан әрі дамуындағы жаңа кезеңді белгілейтін тарихи оқиғаның қатысушысы бола отырып, азаматтық жауапкершілік танытуға» шақырады.