Құрылтай депутаттарына алтыннан емес, жезден әзірленген төсбелгі табысталды

Бүгін, 27 тамызда Орталық сайлау комиссиясы бес саяси партия ұсынған жаңа Құрылтайдың 145 депутатын тіркеп, куәліктері мен төсбелгілерін табыстады.

ОСК

Астана, NEGE. Бұл жолы депутаттар бұрынғыдай 375-сынамалы алтыннан емес, жезден әзірленген төсбелгіге ие болды. Құны шамамен 42 мың теңгеге бағаланған төсбелгінің көлемі де кішірейтілген.

ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіровтің сөзінше, төсбелгіге тапсырыс берер кезде бағалы металдар қолданудан бас тартып, көлемін кішірейту жөнінде ұсыныс айтылған.

«Біз бұл мәселені комиссиямызда бірнеше рет, соның ішінде Монета сарайы мамандарын тарта отырып егжей-тегжейлі талқыладық. Олар бізге бұл төсбелгіні жезден жасауға кеңес берді. Себебі мемлекеттік наградалардың басым көпшілігін дайындау кезінде осы жез қолданылады», – деп мәлімдеді Әбдіров брифингте.

Оның айтуынша, бұрынғы депутаттардың алтыннан құйылған төсбелгісі 2023 жылы сатып алынғанда 313 600 теңге тұрған.

Айта кетейік, сайлау қорытындысы бойынша бір палаталы парламент – Құрылтайға «Әділет» партиясынан – 110 адам, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиядан – 8, «Ауыл» партиясынан – 10, «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясынан – 8 және Respublica партиясынан – 9 адам депутат ретінде тіркелді.