Құрылтай депутаттары волонтерлікті дамытуды парламенттік деңгейде қолдауды ұсынды

Қазақстан делегациясы Душанбе қаласында өткен Орталық Азия мемлекеттерінің IV Парламентаралық форумында волонтерлік қозғалысты дамыту, су қауіпсіздігі және экономикалық интеграция мәселелерін көтерді. Бұл туралы Құрылтайдың баспасөз қызметі хабарлады.

Құрылтайдың баспасөз қызметі

Астана, NEGE. 29 қазан күні «Орталық Азиядағы бейбітшілік, қауіпсіздік және өркендеу жолындағы бірлік» атты форумға Құрылтай Төрағасы Айбек Дәдебай бастаған Қазақстан делегациясы қатысты. Сонымен қатар, жиынға Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан парламенттерінің өкілдері де келді.

Айбек Дәдебай қатысушыларға арнаған сөзінде Қазақстанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларға тоқталды. Сондай-ақ жаңа Конституцияның қабылдануы, «Заң және Тәртіп» қағидаты және ел дамуының негізгі бағыттары туралы айтты.

Құрылтайдың баспасөз қызметі

Құрылтай Төрағасы соңғы жеті жылда жүргізілген реформалардың нәтижесінде Қазақстан экономикасы 30 пайызға өскенін, ал жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 15 мың доллардан асқанын жеткізді.

Ол форумның өңірлік парламенттік ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Бүгінде біз өңірлік, су және экологиялық қауіпсіздік, экономикалық интеграцияны тереңдету мәселелерін талқылап отырмыз. Айтылғандардың барлығы Орталық Азия өңірінің тұрақты дамуы үшін аса маңызды. Қазіргі сын-қатерлерге тек парламенттеріміздің күш-жігерін біріктіріп, заң шығару жұмысын үйлестіріп, ортақ ұстанымдар қалыптастыру арқылы жауап беруіміз керек деп есептеймін. Парламенттік дипломатия нақты нәтижеге бағытталуға тиіс», – деді Құрылтай Төрағасы.

Форум барысында Қазақстан делегациясы өңірлік қауіпсіздік пен тұрақты дамуды қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар ұсыныс білдірді. Атап айтқанда, Орталық Азияның ядролық қарудан азат аймақ мәртебесін сақтау, Халықаралық биологиялық қауіпсіздік агенттігін құру бастамасын қолдау және көші-қон саласындағы заңнамалық тәжірибе алмасу мәселелері көтерілді.

Құрылтайдың баспасөз қызметі

Экономикалық және цифрлық интеграция аясында электрондық сауда, кедендік рәсімдерді цифрландыру, инвестиция, көлік және өнеркәсіптік кооперация салаларындағы заңнамалық тәжірибемен алмасу ұсынылды. Бұл шаралар құқықтық кедергілерді азайтып, өңірішілік сауданы дамытуға мүмкіндік береді.

Су және климат қауіпсіздігі де форумның негізгі тақырыптарының бірі болды. Қазақстан делегациясы Су пайдалану жөніндегі негіздемелік конвенцияны қабылдау жұмыстарын жеделдетуді және Арал мәселесін шешу бағытындағы бірлескен жұмысты күшейтуді ұсынды. Сонымен қатар осы мәселелер бойынша сарапшылар мен Халықаралық Аралды құтқару қоры өкілдерінің қатысуымен тұрақты парламентаралық диалог орнату бастамасын көтерді.

Құрылтайдың баспасөз қызметі

Экологиялық мәселелерге тоқталған Айбек Дәдебай волонтерлік қозғалысты дамытудың маңызын атап өтті. Оның пікірінше, еріктілер қозғалысы өңірлік міндеттерді шешуге қоғамның қатысуын қамтамасыз ететін тиімді құрал бола алады. Осыған байланысты ол волонтерлік бастамаларды парламент деңгейінде қолдауды және жыл сайын Орталық Азияның экологиялық жауапкершілік апталығын өткізуді ұсынды.

Бұдан бөлек, Қазақстан делегациясы білім беру, жасанды интеллект және жаңа технологиялар саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін көтерді. Атап айтқанда, Жасанды интеллект саласындағы Орталық Азия әріптестігі бағдарламасын әзірлеу бастамасын заңнамалық тұрғыдан қолдау ұсынылды.

Құрылтайдың баспасөз қызметі

Сондай-ақ Индустрия 4.0 аясында өнеркәсіптік деректерді жинау бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселесі сөз болды. Бұл ретте Қазақстанда әзірленіп жатқан Kazakhstan Physical AI Data Factory тұжырымдамасын негізге алу ұсынылды.

Форум қорытындысы бойынша қатысушылар парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту жөніндегі ортақ ұстанымдар бекітілген Душанбе декларациясын қабылдады.

Сапар аясында Айбек Дәдебай Тәжікстан Республикасы Маджлиси Оли Маджлиси миллиінің Төрағасы Рустами Эмомалимен және Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісі Сенатының Төрағасы Танзила Нарбаевамен екіжақты кездесулер өткізді. Келіссөздерде заң шығару тәжірибесімен алмасу мәселелері талқыланды.