Құрылтай депутаты Айсұлу Сүлейменова Азия рекордын жаңартты
Құрылтай депутаты, паралимпиадашы Айсұлу Сүлейменова V Азия Пара ойындарында 100 метрге жүгіруден Азия рекордын жаңартты.
Астана, NEGE. Айсұлу Сүлейменова V Азия Пара ойындарындағы жеңісінен кейін әлеуметтік желідегі парақшасында өміріндегі қиын кезеңдерді еске алып, басынан өткерген өзгерістер туралы жазды.
«Кейде өмірі енді ешқашан бұрынғыдай болмайтынын білмей оянған кішкентай қызды есіме аламын. Ол неше рет бәрін басынан бастауға тура келетінін білген жоқ: жаңа денемен өмір сүруді, айнадағы бейнеге қарауды, өзгенің көзқарасына мән бермеуді және жаны жабырқаған сәттердің өзінде күлімсіреуге тырысуды үйренді», – деп жазды Айсұлу Сүлейменова.
Спортшының айтуынша, сол кезде қайтадан жүгіріп, старт сызығына тұрып, жарыста жеңіске жететінін елестетудің өзі қиын болған.
«Бір күні адамдар менен қалай аман қалғанымды емес, осындай жетістікке қалай жеткенімді сұрайтынын ойламаппын», – деп бөлісті ол.
Спортшы-депутат 2011 жылы жол-көлік апатына ұшырап, екі аяғына ампутация жасалған. Ол психологиялық қиындықтарды жеңу үшін спортпен айналыса бастайды. Кейіннен Қазақстанның Паралимпиадалық құрамасының мүшесі атанды.
Еске салайық, ертең Жапонияда Пара Азия ойындарының соңғы күні өтеді. Жарыс бағдарламасына спорттың 18 түрі енгізілген.
2026 жылғы 23 қазандағы мәлімет бойынша, Қазақстан V Азия Пара ойындарының жалпы медаль есебінде 9-орында тұр. Ел қоржынында 12 алтын, 16 күміс және 21 қола медаль бар.