«Құрылыс және тағы да құрылыс!»: Құрылтай халыққа үндеу жасады

Қазақстанда Тәуелсіздіктің 35 жылдығына орай «Құрылыс және тағы да құрылыс!» халықтық бастамасы жүзеге асырылмақ.

Фото: Құрылтай

Астана, NEGE. Бүгін Құрылтай отырысында депутаттар ел-азаматтарына үндеу жасады.

Өз үндеулерінде бастама аясында халық игілігіне арналған жүздеген әлеуметтік нысан, ал ауыл-аймақтарда мыңдаған инфрақұрылымдық нысан салынатынын жеткізді.

«Халық игілігіне арналған жүздеген әлеуметтік, ал ауыл-аймақтарда мыңдаған инфрақұрылымдық нысандар салынып, баршаның пайдалануына беріледі. Әділеттіктің жалпыұлттық құрылысы – осы күнге өнеге, келешекке мақтаныш болады деп сенеміз», – деді депутаттар.

Құрылтай мүшелері бұл бастаманы елдің әлеуетін арттыруға бағытталған ауқымды жоба ретінде бағалап, азаматтарды оны іске асыруға бірлесе атсалысуға шақырды.

«Дәл бүгін жұдырықтай жұмылып, ұлт болып ұйысып, Президентіміз жариялаған «Құрылыс және тағы да құрылыс!» халықтық бастаманы нақты іспен қолдауымыз керек. Тіпті, бұл - әрбіріміз үшін абыройлы міндет!

Біз бүгініміз үшін де, ертеңіміз үшін де бірлесе тынбай еңбек етуге тиіспіз».

Депутаттардың сөзінше, тәуелсіздіктің 35 жылдығын алдағы өсу көкжиегін, нақты мақсат-мүддені айқындайтын жауапты кезеңге айналдыру керек.