10 февраля 2026 г. 9:25

Құлсарыда құрдастарына балта ала жүгірген оқушы мектепке оралды

Фото: Видеодан скрин/instagram/atpress.kz

Құлсары қаласында мектептердің бірінде қатарластарына балтамен шабуыл жасаған 15 жастағы жасөспірім оқуына оралды.

Астана, NEGE. Бұл жөнінде «Ақ Жайық» басылымы Атырау облыстық білім басқармасына сілтеме жасап хабарлайды.

Сот жасөспірімге қатысты «үйқамақ» түріндегі бұлтартпау шарасын таңдаған. Оған тек мектепке және медициналық ұйымдарға баруға рұқсат етілген.

Облыстық білім басқармасының мәліметінше, зардап шеккен екі оқушы әлі де ем қабылдап жатыр. Ал қылмыс құралы (балта) әлі табылған жоқ.

Сондай-ақ, оқушының ауыл арасындағы топтық төбелестерге қатысы болуы мүмкін деген де ақпарат тексеріліп жатыр.

«Тергеу қорытындысы бойынша түпкілікті шешім қабылданады», – деді Атырау облыстық білім басқармасының басшысы Марат Әбуов.

Облыстық білім басқармасы өкілдерінің нақтылауынша, жасөспірімдер бұрын дос болған. Жанжалға олардың бірінің араласатын ортасының өзгеруі себеп болуы мүмкін.