Курчатов қаласында балабақшаның 75 қызметкерінің жеке дерегі тарап кеткен
Курчатов прокуратурасы мемлекеттік сатып алу саласын тексеру барысында қаладағы балабақшалардың бірінің 75 қызметкерінің дербес дерегі тарап кеткенін анықтады.
Астана, NEGE. Конкурс жариялау үшін орналастырылған тізімде қызметкерлердің толық сауалнамалық деректері мен ЖСН-і көрсетілген.
Прокуратура өкілдері жауапты тұлғалар деректердің құпиялылығын қамтамасыз етуге міндетті екенін және дербес деректерді субъектінің келісімінсіз таратуға құқығы жоқ екенін алға тартады.
«Мекеме басшылығы тарапынан аталған талаптардың сақталмауы дербес ақпараттың құқыққа қайшы мақсаттарда пайдаланылу қаупін туындатқан», – делінген хабарламада.
Жеке деректердің тарап кетуіне кінәлі лауазымды тұлға Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің «Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасын бұзу» бабы бойынша әкімшілік жауапқа тартылды. Оған 432 500 теңге айыппұл салынды.