8 июня 2025 г. 13:21

Құрбан айттан кейін Газаға жасалған шабуылдар салдарынан 60-тан астам адам қаза тапты

Фото: eadaily.com/ru

Мұсылмандардың қасиетті Құрбан айт мейрамының екінші күні Израиль әскері Газа секторына жаппай әуе және артиллериялық соққы жасады. 8 маусым – сенбі күні кемінде 72 палестиналық қаза тауып, тағы шамамен 100 адам жарақат алған, деп хабарлайды Anadolu Agency.

АЛМАТЫ, NEGE. Палестина мен медицина саласындағы дереккөздерге сүйенсек, құрбандардың басым бөлігі — бейбіт тұрғындар, соның ішінде әйелдер мен балалар.

Сабра ауданындағы тұрғын үйге екі зымыран атылып, салдарынан 15 адам, оның ішінде 6 бала қаза тапты. Жараланғандар саны 50-ден асты. Көптеген адам үйінді астында қалып қойған, сондықтан өлім-жітім артуы мүмкін.

Израиль армиясы Хан-Юнис аймағындағы қоныс аударушыларға арналған шатырлы лагерьлерге де соққы жасаған. Онда бір отбасының төрт мүшесімен бірге 12 адам көз жұмды, 40-қа жуық адам жараланды.

Бұдан бөлек:

  • Газа қаласының батысындағы босқындар бас сауғалаған үйге жасалған шабуылда – 7 адам;
  • Бани-Сухейла қаласына дрон соққысынан – 6 адам;
  • Джабалия ан-Назлада – 8 адам;
  • Ат-Туффах ауданында – 5 адам;
  • Рафахтағы гуманитарлық көмек тарату пункті маңында – 6 адам қаза тапты.

Палестиналық ақпарат көздері Израильдің әскери операциясы басталғалы Газа секторында қаза тапқандар саны 54 800 адамға жуықтағанын хабарлайды. Аймақта аштық пен гуманитарлық дағдарыс ушығып барады.

Еске сала кетейік, мамыр айының соңында Израиль армиясы Газа секторындағы операцияға барлық тұрақты жаяу әскер мен танк бригадаларын тартқан болатын.