13 мая 2022 г. 9:06

Құралайдың салқыны. Фоторепортаж

Фото:

Болжам бойынша, биыл Қазақстандағы киік саны 1,5 миллионға жетуі керек. Бұл жөнінде тәуелсіз эколог, фотограф Сәкен Ділдахмет хабарлады.

«Жыл сайын сәуірдің аяғы мен мамыр айының басында киіктер төлдейді. Киік төлдеп жатқанда жел тұрып, салқын соғып, ауа райы тосын мінез танытады. Қазақ мұны әуелден «құралайдың салқыны» деп атаған. Күн райы салқындағанда жаңа туған төлдер тез аяқтанса, екіншіден жыртқыш аңдардың да тәбеті бұзылатынға ұқсайды.

Өзім кәсіби фотограф болғаннан кейін осы маусымда киіктердің төлдеу, көбею барысын суретке түсіремін. Оның өзіндік қиыншылықтары бар. Мысалы, биыл Нұр-Сұлтаннан жеңіл көлікпен БҚО, Жәнібек ауданы, Жақсыбай ауылына бардым. Көктем шыға бұл өңірде су тасып, жолдарды шайып кетті. Бір жағы жол да алыс, сондықтан арнайы құралдар жанымызда. Киіктер адамды көрсе 2 шақырым жерден қашып кетеді. Оларды тығылып, аңдып суретке түсіруге тура келеді. Бұл процесс қиын болғанымен қызығы да жетерлік», – дейді С.Ділдахмет. 

Еркін даланы жайлаған киіктердің жанында болып келген экологиялық шолушыдан тілшіміз киіктердің жай-күйін сұрады. 

«Моңғолия мен Ресейде киік популяциясы жойылып кету қаупі әлі де бар. Сол себепті Қызыл кітапқа енген. Ал Қазақстанда киік Қызыл кітапқа енбеген, аңшылыққа рұқсат етілген аң түріне жатады. Әлемдегі 5 түрлі киік популяциясының үшеуі, яғни, 99 пайызы біздің елде. Олар – Үстірт, Орал және Бетпақдала киіктері.

2021 жылғы санақ бойынша еліміздегі киік саны 850 мыңнан асқан-ды. Биыл санақ мамыр айында жүрді. Оның нәтижесі маусымда белгілі болады. Менің жорамалым бойынша, биыл киіктердің саны 1,5 миллионға жетуі керек.

2015 жылы Қазақстанда киік қырылғанын білесіздер. Сол жылдары 200 мыңнан астам киік өліп, барымыздан айырылып қала жаздадық. Бірақ, оларды қорғау, браконьерлікпен күрестің нәтижесінде жылдық өсім 50 пайызға жетті», – деді эколог. 

Өткен жылы әнші, актер біткен дала кезіп, құралаймен суретке түсуді сәнге айналдырып еді. Биыл сондай тур ұйымдастырылды ма?

Бұл туралы Сәкен Ділдахмет былай деді: «Біз киікті суретке түсіргенде барынша сақ боламыз. Алыстан түсіреміз. Қолға ұстап, суретке түсу былай тұрсын, салмағын өлшеп, қанын алып, құлағына белгі орнатқанның өзінде тез бостатып жіберуге тырысамыз.

Өткен жылы журналист, блогер, әнші-актерлер киіктермен селфи жасап, желіге жүктеп жатты. Бұл дұрыс емес. Менің білуімше, биыл ондай шаралар ұйымдастырылған жоқ».

Тегтер: