Құны 1,5 млрд теңге болатын алтын Қазақстаннан шетелге мыс кені ретінде заңсыз шығарылған
Жетісу облысында 2,6 мың тонна алтын құрамды кенді елден заңсыз алып шығу дерегі бойынша екі адам қамауға алынды.
Астана, NEGE. Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарлауынша, шетелге заңсыз шығарылған кеннің жалпы құны 1,5 млрд теңге деп бағаланған. Шикізатты шетелге шығару үшін кеден құжаттарында жүк «мыс кені мен концентраттары» деп көрсетілген. Осылайша алтын құрамды кенді жасырып алып шыққан.
Кейінгі тергеу және жедел іздестіру шаралары барысында Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарындағы қоймалардан ірі контейнерлерге салынған бір мың тоннадан астам шикізат табылған.
ҚМА ақпаратынша, заңсыз әрекеттерді ұйымдастыруға қатысы бар деген күдікпен «RedGold Mining» ЖШС экспорттаушы компаниясының директоры мен өзге де тұлғалар анықталды. Екі күдікті қамауға алынып, серіктестіктің ақшалай қаражатына бұғат қойылды.