«Күнде олардың даусын еститінмін»: көршісі елордада үш бала мерт болған өрттің мән-жайын айтты

Астанада пәтерлердің бірінде өрт шыққан «Көркем-3» тұрғын үй кешенінің тұрғыны қайғылы жағдай болған күнді еске алып, көрген-білгенін баяндап берді.

ТЖД

Астана, NEGE. Ашаның айтуынша, шамамен түнгі бірде ол оттың шатырлай жанғанына ұқсас дыбыс естіген. Пәтер іші қою түтінге толып, қабырғаның ар жағынан ыңырсыған дауыс шыққан.

«"Алла, Алла, Алла…" деген дыбыс естілді. Мен бірден баспалдақ алаңына жүгіріп шықтым да, ол жерді қою түтін басқанын көрдім. Сонда ғана қабырға жағындағы көрші пәтер жанып жатқанын түсіндім. Жүрегім қысылып кетті, бірден олардың пәтеріне жүгіріп барып, есікті қағып, айқайлай бастадым, бірақ ешкім жауап бермеді. Содан кейін басқа көршілердің есіктерін қатты қағып, айқайлап шықтым, бірақ ешкім ашпады. Тоқтамай бар күшіммен есіктерді қағып жүрдім, ішімде қорқыныш, үрей болды… Кейін бәрі ұйықтап жатқанын, түтін исіне уланып қалғанын түсіндім, сондықтан олар ұзақ уақыт ояна алмаған», – деп жазды оқиға куәгері Threads желісінде.

Өрт сөндірушілер тез жеткенімен, көліктердің бірі жолды жауып қалып, өрт сөндіру көлігі бірден үйге жақындай алмай, өрт сөндіру жұмыстарына бірден кірісіп кете алмаған. Біраз уақыттан кейін көлік иесі табылып, көлікті алып, өрт сөндіру көлігіне жол ашылған.

Басында көршілері «балалар үйінде болмаған, тек әйелді ғана күйік шалған» деп ойлаған. Алайда өрт сөндіріліп, жағдай орныға бастағанда үш баланың бірдей жанып кеткенін естіген.

«Бізге олар өрт сөндірушілер есікті бұзғанға дейін-ақ иіс тиіп, қайтыс болғанын айтты. Жасымды тыя алмадым. Күнде қабырғаның арғы жағынан сол балалардың дауысын, еркеліктерін еститінмін, өйткені бізде дыбыс қатты естіледі. Көзім жасқа толып, көлікке қарай бара жатқанда, көліктің жанында жолдың жиегінде бір топ адам қоршап алған ер адамды көрдім.

Жақынырақ барғанда оның көрші әйелдің күйеуі екенін таныдым, жағдайы өте ауыр еді. Кенеттен халі нашарлап, оны дәрігерлер тексере бастады, жанында оның туыстары мен әйелінің туыстары болды. Сол сәтте олардың қандай жағдайда болған ойдаудың өзі қорқынышты», – дейді өртке оранған пәтер тұрғындарының көршісі.

Еске салсақ, 12 сәуірге қараған түні Астана қаласы Есіл ауданы, Түркістан көшесінде 21 қабатты тұрғын үйдің 15-қабатындағы пәтерде өрт шықты. Өртті сөндіру барысында жанып жатқан пәтерден күйік шалған әйел құтқарылып, ауруханаға жеткізілді.  Оқиға орнынан үш кәмелетке толмаған баланың денесі табылды.

Қазір оқып жатыр

«Жемқорлыққа жол ашады»: Ит-мысықтарды өлтіруді көздейтін заң несімен қауіпті?

Алматыда жасөспірімдер жүріп бара жатқан жүк пойызына мінгесіп алған

Алдағы күндері Қазақстанда жаңбыр жауып, күн суытады

Бектенов шетелдік рұқсат бланкілерін беруді цифрландыру жұмысын жалғастыруды тапсырды