Кукушкин турнирдің бірінші ракеткасын ұтты

Қазақстандық Михаил Кукушкин Astana Open ATP 250 турнирінің ширек финалына шықты.

Алматы, NEGE. Дүниежүзілік рейтингте 91-орында тұрған М.Кукушкин екінші айналымда әлемнің 28-інші, осы жарыстың 1-ракеткасы, франциялық Бенуа Пэрмен күш сынасты. Бұл қарсыластардың өзара алғашқы кездесуі еді. Бірінші партияны бастаған М.Кукушкин қарсыласының брейк жасауына мүмкіндік беріп қойды. Дегенмен сет барысында таразы басын теңестірді – 4:4. Тай-брейкте франциялық теннисші сәтті ойнады – 7:6 (7:4). Екінші сетте де Бенуа Пэр брейкпен алға кетті – 3:0. Қазақстандық теннисші есепті қайта теңестірді – 4:4. Сосын тай-брейкте есесін жіберген жоқ – 7:6 (7:2). Үшінші, шешуші партияны Кукушкин өте қарқынды өткізді – 6:1.

Тартысты бәсеке 2 сағат 14 минутқа созылды. М.Кукушкин жартылай финалға шығу үшін әлемнің 98-ракеткасы, 21 жастағы финляндиялық Эмил Руусувуоримен таласады. Ол бірінші кездесуінде қазақстандық Тимофей Скатовты қиналмай (6:2, 6:0) жеңсе, бүгін әлемнің 60-ракеткасы, аустралиялық Джордан Томпсоннан 6:2, 3:6, 6:4 есебімен айласын асырды. Жұмаға белгіленген ширек финалда сондай-ақ франциялық Адриан Маннарино мен америкалық Маккензи Макдональд, Беларусь өкілі Егор Герасимов пен америкалық Фрэнсис Тиафо, тағы бір америкалық Томми Пол мен аустралиялық Джон Миллман өзара шеберлік байқасады. Финалдық матч 1 қараша күні өтеді. Еске сала кетейік, бұдан бұрын Михаил Кукушкиннің Astana Open турнирін жеңіспен бастағанын, ал Александр Бубликтің жеңіліп қалғанын жазған болатынбыз.

Қазір оқып жатыр

Жамбыл облысында жаңа «Алатау» арнайы экономикалық аймағы құрылады

Қазақстанда діни сұрақтарға Imam AI жауап бермек

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18% деңгейінде қалдырды

Атырау облысында өлтірілген отбасы ісі: қылмыс қашан және қалай жасалғаны айтылды