9 июля 2021 г. 10:13

Күдіктімен бірге 13-қабаттан секірген полицей

Фото:

Бұл былтыр болған оқиға еді. Педофилді ұстаймын деп 13-қабаттан секірген алматылық полицей Бақытжан Бәкіров осы әрекетімен жұртты таң қалдырған.

Басынан баяндайық. 11 шілде күні жеке сектор аумағында болған қылмыстық оқиғаның жай-жапсары мынадай: Белгісіз біреу төрт жасар бала мен оның 15 жастағы әпкесі болған үйлердің біріне кірген. Полиция мәліметі бойынша, ер адам 17 мың долларды ұрлап, қызды зорлаған. «Үй тонап, кәмелетке толмаған жасөспірімді зорлаған» деген күдікті талай уақыттан бері құқық қорғау органдары қызметкерлерінен төрт күндей бой тасалап жүріпті.

Кейін оның Алматыдағы Әл-Фараби даңғылы бойындағы тұрғын үйлердің бірінің 13-қабатындағы пәтерде жасырынғаны мәлім болды. Бұл пәтерге кіру үшін полицейлер арнайы жоспар түзеді. Алдын ала келісім бойынша Криминалдық полиция бөлімі бастығының орынбасары Бақытжан Бәкіров пәтерге сантехник болып кіреді.

«Әріптесім Мейір Несіпбай екеуміз жалданған пәтер иесімен бірге 13-қабатқа көтерілдік. Оның қосалқы кілттері болды. Әйел оны шақырып, құбыр ағып жатқанын және жөндеу жұмыстарын жүргізуге сантехниктер келгенін айтты. Ол дәлізге шықты, мен оған қарай ұмтылдым. Ол бөлмелердің біріне жүгіріп барып, ашық тұрған терезеден секіріп кетті. Мұндай қас-қағым сәтте ештеңе ойламайсың, бастысы – ұстап алу болды», – дейді Бәкіров.

Сол мезетте әлгі күдікті 13-қабаттан секіріп құтылмақ болады. Оның артынан полиция қызметкері де бірге секіреді. Екеуі де үйдің террасасының үстіне құлаған. Алайда, полицей аяғын сындырып алса да, қылмыскерді тоқтатып, көмек келгенге дейін ұстап тұрған. 

Алты баланы бағып-қағып отырған көпбалалы полицей әкенің аяғына үш рет ота жасалды. Nege.kz тілшісінің сұрағына жауап берген Бақытжан Бәкіров былай деді:

«Қылмыскер қаша жөнелген уақытта артынан қудым. Ол бөлмелердің біріне кіріп, ашық терезеден секірді. Басты мақсат қуып жету болғандықтан, мен де оның артынан секірдім. Мұндай қылмыскер еркін жер басып жүрмеуі керек. Балалардың қауіпсіздігі үшін біз жауаптымыз. Сондықтан күдіктіні ұстау үшін ештеңеден қорыққан жоқпын». 

Бұл ерліктен кейін полиция қызметкерлері Бақытжан Бәкіров пен Мейір Несіпбай ішкі істер министрінің бұйрығымен «Құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медальмен марапатталды.

Осы марапатты табыс еткен Алматы қалалық полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденов: «Осындай жанқиярлық әдісті қолдана отырып, біз полиция қызметкерлерінің жас ұрпақтарына тәлім береміз және шын жүректен азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтауда нағыз кәсіби іс-әрекеттерді қалай жүзеге асыратынын нақты көрсетеміз. Бақытжан Бәкіровке және осындай ержүрек ұлды тәрбиелеп өсірген ата-анасына ерекше алғыс айтамын», – деді.

Ал бұдан кейін Криминалдық полиция бөлімі бастығының орынбасары қызметін атқаратын Бақытжан Бәкіров батырлығы үшін ІІ дәрежелі «Айбын» орденін кеудесіне тақты.  

«Қызметтік борышын орындау кезінде көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін ішкі істер министрлігі Алматы қаласы полиция департаментінің Түрксіб аудандық полиция басқармасының жедел уәкілі Бақытжан Әнуарбекұлы Бакиров II «Айбын» орденімен марапатталсын» делінген президент жарлығының мәтінінде.

Былтыр полиция майоры болған Бақытжан Бәкіровтің лауазымы да өсті. Бүгінде ол – Криминалдық полиция бөлімі бастығының орынбасары. Жұмысына жауапкершілікпен қарайтын полиция қызметкерінің басын бәйгеге тігуі былайғы жұртты таң қалдырса да, ол «азаматтық парызымды ғана орындадым» деп қарапайымдылық танытты. Бүгінгі жастар осындай батыл ағаларынан үлгі алса деген тілек бар. 

Тегтер: