8 декабря 2022 г. 15:56

«Кублей» соты: Екі тараптың ымыраға келуі заңды ма?

Фото:

Бұған дейін «Кублей» зауытының екі жыл бұрын Батыс Қазақстан облысы Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына Орал қаласының әкімдігі, Орал қаласының сәулет бөлімінің үстінен тұрғын үй құрылысына жол беру жөніндегі заңсыз шешіміне қарсы арыз түсіргенін жазғанбыз. Мұның салдарынан зауыттағы 700-ге жуық жұмысшының әрі-сәрі күй кешіп, басшылықтың келесі жылы атқаратын жұмыстарды жоспарлай алмай отырғаны тағы бар.

Өткен аптада Орал қаласындағы Экономикалық сотта жергілікті әкімдіктің заңсыз шешіміне қатысты екі жылға созылған сот процесінің жарыссөзі өткен еді. Алайда, сот «екі жақ ымыраға келуі керек» деген шешім шығарды. Бұл істің басы-қасында жүрген заңгер мамандар шешімге түбегейлі қарсы. Олардың айтуынша, «егер сот істі «Кублейдің» пайдасына шешсе, әкімдіктегі былықтың беті ашылар еді, сол себептен де осындай шешімге келгендігі анық».

NEGE бұл мәселе бойынша Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Берік АСЫЛОВҚА және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Олжас БЕКТЕНОВКЕ ресми сауал жолдады. «Бірінші, зауыт жанындағы санитарлық аумақтан тұрғын үй салуға рұқсат берген әкімдіктің әрекетіне нүкте қоюға бола ма? «Кублей» зауытының заңгерлері сот барысында әкімдіктің жалған құжат ұсынғанын анықтадық деп мәлімдеді. Мұны тексеру мүмкін бе? Орал соты адвокаттардың «медитативтік келісімді одан әрі жасасу процесін тоқтата тұру туралы» шешім шығарды. Бірақ екі тарап оған үзілді-кесілді қарсы. Бұл қаншалықты заңды?» деген сауалдарға жауап алғымыз келген. Бас прокуратурадан келген жауап төмендегідей:

Ал Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі сауалды Батыс Қазақстан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Н.С. ҚЫДЫРБАЕВҚА жолдағанын жазып ««Кублей» зауытының қызметіне қатысты сауал Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің құзыреті шегінде қарау үшін жолданып отыр. Қабылданған шешім туралы хаттың бастамашысына жауап беруді сұраймыз. Екінші адресатқа мәлімдеме ретінде хабарланады» деген.

Бақытжан БАЗАРБЕК, Жер құқығы саласындағы заңгер, «Кублей» ЖШС өкілі: 

Судьяның өзі қысым көріп отыр

– Біз Орал қаласының әімдігі, Орал қаласының Жер қатынастары, Сәулет қала құрылыс бөлімімен соттасып жатырмыз. Олардың шығарған қаулысын заңсыз деп тану бойынша талап-арыз бердік. Екі тарап ымыраға келсе, мұндай жағдайда әкімдік және «Кублей» тарапынан арыз түсуі тиіс еді. Алайда, бұл болмаса ымыраға келу мүмкін емес. Судья тараптарды ымыраға келтіру туралы арызды жарыссөзге дейін қарап, қанағаттандырусыз қалдырды. Жарыссөз өткеннен кейін, яғни сот шешімін шығарудың орнына «екі тарап ымыраға келсін» деп, бір күн бұрынғы сөзіне қарама-қайшы келіп отыр. Яғни, судьяның өзі қысым көріп отыр.

11 сот отырысы өтті. Заңды белшесінен басып, мерзімді созып жіберді. Біз талап еткен құжатты көрсеткен жоқ. Әкімдік те солай. «Кублей» зауыты ғана барлық құжатты жинап, ұсынды. Сот шешімінің алдында сот тараптардың арызынсыз ымыраға шақырып, істі тоқтата тұрып, материалды үкіметке, Бас прокуратураға жіберіп, көзқарасын білуді алғаш рет көрдік. Бұл заңда көрсетілмеген.

P.S. Биыл шілде айында істі Жоғарғы соттың экс-төрағасы Ж.АСАНОВТЫҢ ұсынысы негізінде Орал қаласының сотына қайта қарауға ұсынған. Яғни, Жоғарғы соттың бұрынғы төрағасы «Кублей» ЖШС-ның пайдасына шешіліп тұрған шешімді өзгертіп жіберген. Алайда, бүгін жергілікті жерлердегі сот шешімін бұзуға құзыретті Жоғарғы сот төрағасы қызметінен босатылды.  

Тегтер: