Қуат Хамитов Алматы облысы күрес федерациясының вице-президенті атанды
Танымал спортшы, аралас жекпе-жек шебері Қуат Хамитов Алматы облысы күрес федерациясының вице-президенті болып сайланды.
Астана, NEGE. Бұл жөнінде Федерацияның баспасөз қызметі хабарлады.
«Жаңа қызметінде Қуат Хамитовқа отандық күресті дамытуға, жас спортшыларды қолдауға және жаңа жеңістерге жол ашуға үлкен үлес қосады деп сенеміз», – делінген Федерацияның желідегі ресми парақшасында жариялаған хабарламада.
Айта кетейік, Алматы облысының күрес федерациясына Қуат Хамитовтан бөлек, еркін күрес шебері Әлібек Әбдіқасымов пен кәсіпкер Ерсұлтан Бөбей вице-президент болып тағайындалды.
Қуат Хамитов ММА-дағы мансабында 38 жекпе-жек өткізіп, 28 рет жеңіске жеткен. Спортшының басты жетістіктерінің бірі – WBK ұйымының жеңіл және жартылай орта салмақтағы чемпиондық атақтарын иеленуі.
Ол 2024 жылдың қыркүйегінде кәсіпқой бокста дебют жасап, WBC Allstars ұйымының арнайы титулын жеңіп алды.
Ал 2026 жылы Хамитов ММА-да ресейлік файтер Александр Шлеменкомен кездесті. Сондай-ақ америкалық RAF күрес лигасында UFC-дің жетекші спортшыларының бірі Арман Царукянға қарсы шықты.