6 марта 2026 г. 9:00

ҚТЖ-ның еншілес ұйымының директоры ұсталды

Фото: rail-news.kz

БАҚ-та «Қазтеміртранс» акционерлік қоғамының Алматыдағы бөлімшесі директоры 500 млн теңгедей пара алу үстінде ұсталғаны жөнінде ақпарат тарады.

Астана, NEGE. Компанияның баспасөз қызметі қазіргі уақытта құқық қорғау органдары тергеу іс-шараларын жүргізіп жатқанын растады.

«Компания уәкілетті органдарға жан-жақты жәрдем көрсетеді және жүргізіліп жатқан тергеу шеңберінде барлық қажетті ақпарат пен құжаттарды ұсынады.

Сонымен қатар, қолда бар деректерге қарағанда, филиал объектілерін күзету бойынша мемлекеттік сатып алуларда ұтып алуға жәрдемдесу үшін ірі заңсыз ақшалай сыйақы алу туралы мәліметтер күмән туғызады, өйткені қазіргі уақытта "Қазтеміртранс" АҚ мен күзет ұйымдары арасында жоғарыда көрсетілген қызметтерді көрсетуге шарттар жасасу бойынша барлық рәсім аяқталды», – делінген хабарламада.

Компания келтірген деректерге қарағанда, «Қазтеміртранс» АҚ-ның күзет қызметтеріндегі бюджеті шамамен 200 млн теңге болады. Оның ішінде Алматы филиалы бойынша өндірістік базаларды күзетуге 9 млн теңгеден астам қаражат бөлінген. Бұл сома пара туралы тараған ақпараттан бірнеше есе аз екені айтылады.

«"Қазтеміртранс" АҚ сыбайлас жемқорлықтың кез келген көріністеріне заңдылық, ашықтық және нөлдік төзімділік қағидаттарын ұстанады. Заңнаманы бұзу фактілері расталған жағдайда заңда көзделген барлық шара қабылданады.

Компания істің барлық мән-жайын объективті және жан-жақты тергеуге мүдделі және заңнамада белгіленген тәртіппен шындық анықталатынына сенеді», – дейді компания өкілдері.

Сондай-ақ компанияның штаттық режимде жұмысын жалғастырып жатқаны хабарланды.

Айта кетейік, «Қазтеміртранс» АҚ «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ еншілес кәсіпорны және Қазақстандағы ең ірі жүк вагондары операторларының бірі болып саналады.