ҚТЖ басшысы өзіне тиесілі компания бар екенін растады

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы басқармасының төрағасы Талғат Алдыбергенов «ASTANATRANSEXPRESS» ЖШС-нің құрылтайшысы екенін растады.

ҚТЖ

Астана, NEGE. Оның айтуынша, мемлекеттік қызметке ауысқаннан кейін компания сенімгерлік басқаруға берілген. Алдыбергенов қазір кәсіпорынды өзі басқармайтынын, оның ҚТЖ-мен де, мемлекеттік органдармен де ешқандай байланысы жоқ екенін айтты.

«Мұнда мүдделер қақтығысы жоқ. Барлығы заң талаптарына сай рәсімделген», – деді ұлттық компания басшысы.

Журналистер компанияның әлі де жұмыс істеп тұрғанын сұрағанда, Алдыбергенов оның қызметін басқа басқарушы компания жүргізіп жатқанын айтты. Алайда бизнестен табыс алып-алмайтыны туралы сұраққа нақты жауап бермеді.

«Мен оны басқармаймын. Табыс мәселесімен және басқа да процестермен басқарушы компания айналысады», – деді ол.

Еске салайық, Талғат Алдыбергенов ҚТЖ басқарма төрағасы қызметіне 2025 жылғы 3 шілдеде тағайындалды. Ол бұл қызметте көлік министрі болып кеткен Нұрлан Сауранбаевтың орнына келді. Бұған дейін Алдыбергенов ҚТЖ басқарма төрағасының орынбасары болған.