ҚТЖ: 4,2 млрд доллар тек 300 локомотивтің құны емес

Нью-Йоркте Қазақстан темір жолы мен америкалық Wabtec компаниясы 4,2 млрд долларлық келісімдерге қол қойды. Жоспарға сай, елімізде 300 жаңа жүк локомотиві құрастырылып, оларға кейін сервистік қызмет көрсетілмек.

ҚТЖ

Астана, NEGE. «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС Бас директорының орынбасары Шолпан Омарбекованың айтуынша, 4,2 млрд доллар тек локомотивтердің құны емес, бірнеше келісімшарттың жалпы сомасы. Оған мыналар кіреді:

1. 2027 жылдан 2036 жылға дейін жыл сайын 30-дан, барлығы 300 локомотив сатып алу;

2. бұрын алынған 405 локомотивке сервистік қызмет көрсетуді 2058 жылға дейін жалғастыру;

3. жаңа локомотивтерге 2054 жылға дейін толық сервистік қызмет көрсету;

4. пойыздарды бақылау және диагностика жасауға арналған Кinetix жүйесінің бес кешенін алу;

5. үш жыл ішінде 505 локомотивтің тежегіштері мен компрессорларын жөндеу;

6. шалғайдағы сервистік орталықтарда жұмыс істейтін мамандарға арнап әлеуметтік нысандар салу.

Фото: ҚТЖ

Жоба компанияның өз қаражаты мен несие есебінен қаржыландырылады. Ал техникалық қызметке кететін шығындар толықтай ҚТЖ-ның табысынан жабылады.

«Бұл келісім бізді міндетті түрде Америкадан қарыз алуға міндеттемейді. Қаржыны еуропалық институттардан немесе қазақстандық банктерден де тартуға болады. Бастысы – шарттары тиімді болуы керек: несие кемінде 10 жылға берілсе, пайызы қолжетімді болса, жеңілдік уақыты қарастырылса және бізден локомотивтерді кепілге қоюды талап етпесе», – деді Омарбекова.

Жаңа локомотивтер Астанадағы зауытта америкалық технология бойынша жасалып, жүк тасымалына қолданылады.

Қазір оқып жатыр

«Бір ғана өтінішіміз – бостандығымыздан айырмаңыздар»: Жанабыловтар сотта жылап тұрып кешірім сұрады

Қазақстандықтарға шенген визасын алу жеңілдейді: келіссөз қашан аяқталады?

Прокурор ерлі-зайыпты Жаныбыловтарды 4 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады

Алматылықтардың көлік салығы 7 млрд теңгеден асқан