Тоқаев пен Зеленскийдің алғашқы жаңажылдық құттықтауы несімен ерекшеленді?
Қасым-Жомарт Тоқаев халықты бокалсыз, шыршасыз, екі тілде құттықтады.
Алматы, NEGE. Өткен 2019 жылы тәуелсіз Қазақстан тарихында екінші президент атанған Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңажылдық құттықтауын сөзсіз бүкіл ел күтті деуге болады. Оған жаңа жыл қарсаңы мен одан кейінгі әлеуцметтік желідегі президенттің құттықтауы бейнеленген суреттер мен пікірлердің көптігі дәлел.
Президент не айтты?
Дәстүр бойынша президент 2019 жылды қортындылап, оны тарихи уақыт ретінде атады.
«Жаңа Қазақстанның іргесін қалаушы Әкесі, тарихи өлшекмдегі тұлға – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық бағытының сабақтастығы дәлелденді. Қазақстан дамуының жаңа кезеңіне аяқ басты. Мемлекетіміздің президенті ретінде оның болашағына деген бар жауапкершілікті сезінемін», - деді Тоқаев.
Тоқаев жалақыны, зейнетақы мен жәрдемақыны және шәкіртақыны өсіру туралы шешім қабылданғанын айтты. Әлеуметтік жағынан әлжуаз 500 мыңнан астам азаматтың банк алдындағы қарызының бір бөлігі кешірілгенін еске салды.
2020 жылға қатысты сөзінде Қ.Тоқаев маңызды реформаларды жүзеге асыру үін бірқатар заңдарға өзгеріс енгізу бойынша үлкен жұмыс күтіп тұрғанын атап өтті. Құқық қорғау органдары мен сот жүйесінде елеулі өзгерістер болатынын тілге тиек етті.
Сонымен бірге биыл ел деңгейінде тойланатын Конституцияның 25 жылдығы, ұлы Абай мен әл-Фарабидің мерейтойлары мен Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 75 жылдығы секілді атаулы мерекелерді ысырапсыз, қарапайым түрде атап өту туралы ой айтылды.
Форматты «бұзған» Зеленский не деді?
Былтыр сайланған Украинаның жаңа президенті Владимир Зеленский жаңажылдық құттықтауын мүлде басқа, еркін түрде жеткізді.
В.Зеленский жылды қорытындылап, болашаққа деген жоспарды қысқаша жеткізетін дәстүрлі форматтан бас тартып, әр украин азаматына «мен кіммін» деген сұраққа жауап іздеуді ұсынды.
Зеленский түрлі мінез-құлық пен, әртүрлі тап өкілдерін, жалпы украин қоғамына таныс құбылыстарды сипаттай келіп, көзқарас қайшылығы мен пікір алуандығына, мінездердің ұқсамайтынына қарамастан, президентті де, үй шаруасындағы әйелді де, украинша сөйлейтін мен орыс тілінде ғана ойын жеткізгенді жөн көретін азаматты да біріктіретін жалғыз ортақ ұғым – Отан екенін ұмытпауды сұрады. Және барлық украин азаматын күн сайын бірлікте өмір сүруді үйренуге шақырды.