Криштиану Роналду Португалия құрамасындағы мансабын аяқтады

Португалиялық футболшы Криштиану Роналду ұлттық құрама сапындағы мансабын аяқтағанын жариялады.

Криштиану Роналду/Instagram

Астана, NEGE. 41 жастағы футболшы қоштасу мәлімдемесін әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.

«Бүгін ұлттық құраманың 7-нөмірлі жейдесін келесі буынға тапсыратын күн туып отыр. 23 жыл бойы оны кию, қорғау және әлемнің түкпір-түкпіріндегі стадиондарға өзіммен бірге алып жүру мен үшін үлкен мәртебе әрі жауапкершілік болды. Бүгін оны болашаққа табыстайтын сәт келді. 2003 жылдың тамызында басталған жол осылайша аяқталып, менің өмірімді мәңгілікке өзгертті», – деді ол.

Роналду жанкүйерлеріне арнаған видеоүндеуінде ұлттық құрама сапында өткізген жылдарын еске алып, бұл кезеңде жеңістер мен рекордтардан бөлек, талай қиындықты да бастан өткергенін айтады. 

Сөз соңында футболшы командаластарына, бапкерлерге, медицина қызметкерлеріне және отбасына алғыс білдіріп, бұдан былай ұлттық құраманың әр жеңісіне жанкүйер ретінде бірге қуанатынын жеткізеді.

Айта кетейік, Криштиану Роналдудың ұлттық құрамадағы алғашқы ойыны Қазақстанға қарсы өткен. 2003 жылғы 20 тамызда 18 жастағы футболшы Португалия құрамасының жейдесін алғаш рет киді. Қазақстанға қарсы жолдастық кездесуде ол екінші тайм алдында Руй Коштаның орнына алаңға шықты. Матчта португалиялықтар 1:0 есебімен жеңіске жетті.

Ұлттық құрама сапында Роналду Еуропа чемпионы атанып, Ұлттар лигасын екі рет жеңіп алды. Сондай-ақ ұлттық құрамалар тарихындағы ең көп гол соққан футболшы ретінде әлемдік рекорд орнатты.

Қыркүйек айының соңында футболшы мен Португалия құрамасының бас бапкері Жорже Жезуш арасында түсініспеушілік туындаған. Норвегияға қарсы матчта Роналду қосалқы құрамда қалып, кейін Даниямен ойын алдында ұлттық құраманың орналасқан жерінен кетіп қалған. Кейін ол бапкерді өзара келісімді бұзды деп айыптады.

Осы оқиғадан кейін Португалия футбол федерациясы Роналдуды 30 күнге шеттетті. Дегенмен футболшы жанкүйерлерден кешірім сұрап, жазасы аяқталған соң құрамаға қайта оралуға дайын екенін мәлімдеген еді.