«Кредитке тамақ алып жейді»: депутат жалақыны кешіктіретін кәсіпкерлерді аямай сынады

Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев жұмысшылардың жалақысын уақытында төлемейтін жұмыс берушілерді қатаң жазалау керегін айтты.

@nartay_aralbayuli

Астана, NEGE. Сәрсенғалиевтің сөзінше, қоғамдағы қымбатшылық күн сайын артып жатыр. Ал күндіз-түні еңбек етіп жүрген кей азаматтар айлығын дер кезінде ала алмай жүр.

«Соның салдарынан азаматтар несиесін уақытында өтей алмайды, супермаркеттерде кредитке тамақ алуға мәжбүр екенін көріп отырмыз», – деді ол палата отырысында.

Депутат жұмыс берушілерге қатысты жазаны күшейтуді ұсынды. Себебі жалақыны кешіктірген жағдайда олар аз ғана өтемақы төлеп, жауапкершіліктен оңай құтылады.

Еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ертаевтың айтуынша, жауапкершілікті арттыру мәселесі «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен және жұмыс берушілер конфедерацияларымен талқыланып жатыр. Алайда олар бұл ұсынысқа қарсы пікір білдіруде.

«Егер жұмыс беруші қызметкерге жалақыны уақытылы төлемесе, ол жауапкершілікке тартылады. Бұл Еңбек кодексінде қарастырылған. Жауапкершілікті, айыппұлдарды көтеру мәселесін жұмыс берушілер конфедерациясымен және «Атамекен» палатасымен пысықтап жатырмыз. Олар айыппұлды арттыруға қарсылық білдіріп отыр. Себебі жұмыс берушілердің мүмкіндіктері шектеулі. Талқылау жалғасып жатыр. Бұл мәселеге қайта ораламыз», – деді вице-министр.

Қазір оқып жатыр

Алматыда жаппай төбелес кезінде екі оқушы көз жұмды

Трамптың ұлдары Қазақстандағы вольфрам жобасына қаржы құйды

Мәсімовтің бұрынғы күйеу баласы қос азаматтығы болғанын мойындады

Вьетнамда ұсталған блогер Қайсар Қамза көшеде еркін қозғалып жүр