10 января 2026 г. 15:55

«Кредит кешіріледі» деген рас па, өтірік пе?

Фото: Pixabay.com

Әлеуметтік желілерде қазақстандықтардың кредиттері кешіріледі деген ақпарат тарады. Алайда бұл хабарлама расталған жоқ.

Астана, NEGE. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі аталған хабарламаларға қатысты түсініктеме беріп, азаматтарды жалған ақпаратқа сенбеуге шақырды. 

«Тек ресми ақпарат көздерін пайдалануларыңызды сұраймыз, сондай-ақ әртүрлі делдалдардың көмегіне жүгінбеуге кеңес береміз», – делінген агенттіктің хабарламасында.

Егер берешекті өтеуде қиындықтар туындаса, қарыз алушы міндеттемелерді орындау шарттарын өзгерту туралы жазбаша өтінішпен өз кредиторына, яғни банкке, микроқаржы ұйымына немесе коллекторлық агенттікке жүгінуге құқылы.

Қаржылық жағдайдың нашарлағанын немесе төлемді кешіктіру себептерін дәлелдейтін құжаттар өтінішке қоса берілуі тиіс. Мұндай құжаттарға жұмыссыз ретінде тіркелгені туралы анықтама, жұмыс берушінің еңбек шартын бұзу немесе жалақы сақталмайтын демалыс беру туралы құжаты жатады. Сондай-ақ жақын туысының немесе жұбайының ауруын растайтын уақытша еңбекке жарамсыздық парағы, жақын туысы не жұбайының қайтыс болғаны туралы анықтама, қарыз алушының жазатайым оқиғаға ұшырағанын немесе үшінші тұлғалардың заңсыз әрекеттері салдарынан материалдық шығын келгенін растайтын құжаттар, мүгедектік туралы анықтама, сот шешімдері де қабылданады. 

Өтініш кредитордың мекенжайы бойынша жеке, сондай-ақ егер бұл шартта көзделген болса, мобильді қосымша немесе электрондық пошта арқылы берілуі мүмкін. Кредитор өтінішті 15 күнтізбелік күн ішінде қарап, шешім қабылдайды.

Егер кредитордың қабылдаған шешімі қарыз алушыны қанағаттандырмаса, банк не микроқаржы омбудсманына жүгінуге болады.

Тегтер: