ҚР бас прокуратурасы активтерді қайтару бойынша арнайы комиссия құрды
Қазақстанның бас прокуратурасы активтерді қайтару бойынша арнайы комиссия құрды, деп хабарлады прокуратураның баспасөз қызметінен.
Алматы, NEGE. «Комиссияның барлық іс-әрекеттері құқықтық нормаларға толық сәйкес келуі тиіс, құқық қорғау және мемлекеттік органдар адал бизнеске қатысты асыра сілтеулер мен теріс пайдаланушылықтарға жол бермеуге міндетті», - деді Бас прокурордың орынбасары Ұлан Байжанов.
Комиссия:
• жоғары маржиналды мемлекеттік активтерді жекешелендіру және сатып алу;
• үстеме табыс әкелуге мүмкіндік беретін экономика секторларында, оның ішінде мемлекеттік сатып алу саласында бәсекелестікті жою немесе шектеу;
• мемлекет мүдделеріне залал келтіре отырып, жеңілдікті салық салу, тарифтік саясат және т.б. түріндегі артықшылықтарды енгізу арқылы жер қойнауын пайдалану, ауыр өнеркәсіп, қаржы секторы, құрылыс және экономиканың басқа да салаларындағы жекелеген компаниялардың табыстылығын ұлғайту үшін жекелеген адамдарға негізсіз қолайлы жағдай жасайтын алғышарттарды анықтау мақсатында талдау жүргізеді.
Сондай-ақ Комиссия жұмысының барысы туралы халықты жедел хабардар ету үшін арнайы веб-сайт құру туралы шешім қабылданды.
Осы жұмысқа қоғамды тарту үшін сайтта арнайы бөлім құрылады, ол арқылы әрбір адам хабарлама жібере алады немесе Комиссия қызметінің мәселелері бойынша ұсыныс енгізе алады.