7 февраля 2026 г. 10:32

Қожамжаровтың қолында биліктегілерге қарсы «компромат» бар ма?

Фото: senate.parlam.kz

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан бұрынғы Бас прокурор Қайрат Қожамжаровтың неліктен әлі күнге ұсталмай жүргенін болжады. 

Астана, NEGE. Үстінен іс қозғалған Қайрат Қожамжаров неге әлі ұсталған жоқ? Мәжіліс депутаты Абзал Құспан бұл сұраққа Pikirmedia YouTube арнасына берген сұқбатта жауап берді.

Депутаттың айтуынша, экс-прокурордың қолында саяси және лауазымды тұлғаларға қатысты бұлжытпас айғақтар, құпия құжаттар болуы мүмкін.

«Мемлекеттік саясатты іске асыратындар – дерексіз ұғым емес, нақты лауазым иелері. Бірі белгілі бір саланы басқаратын министр, енді бірі комитет төрағасы, ал тағы біреулері тергеу жүйесінде шешім қабылдайтын қызметкерлер. Осындай жағдайда Қожамжаров тікелей өзі араласпай-ақ, адам жіберіп: «Мынаны істесең, ана материалды жария етемін» деген емеурін таныта алады. Тіпті делдалсыз да бәрі түсінікті: ол тұлғалар кезінде Қожамжаровтың қабылдауында болған, белгілі бір мәселелердің «жылы жабылғанын» біледі. Бұл – жай болжам емес. Оның қолында құпия мәліметтер мен жабық құжаттардың болуы мұндай ықпал ету тетіктерінің іске асуына толық мүмкіндік береді», – деді Абзал Құспан. 

Мәжілісмен Қожамжаровтың билікте отырған тұсында талай азаматтың, соның ішінде кәсіпкерлердің тағдырына балта шапқанын жасырмай айтты.

Еске салсақ, Қожамжаров лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланды және әртүрлі кезеңдерде қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастырды деген күдікке ілінді.